Сонау 90-шы жылдарда аудан, облыс, республика көлемінде «Наурыз» деген атпен танымал болған топтың жетекшісі, бұл күнде бірнеше әннің авторы, жерлесіміз, сазгер Әбдіғаппар Темірхановтың ұлы Орынбасар бала кезінен әкесіне еліктеп, ән әлеміне ғашық боп өсті.
Өнерге деген құштарлық оны ауылдағы А.Өміров атындағы саз мектебіне алып келіп, домбыра сыныбы бойынша ұстазы К.Мерғалиевадан дәріс алады. 2012 жылы Атырау қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжіне оқуға түсіп, оны хорда дирижерлік ету мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтап шығады. Балаң жас қазіргі кезде білімін одан әрі шыңдау мақсатында Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының хор дирижері бойынша 4-ші курсында оқиды.
Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде орын алып отырған індетке байланысты барлық еліміздегі студенттер секілді Орынбасар да ауылға оралды. Жас өнерпаз үйде босқа қарап жатпай, әкесі Әбдіғаппардың қолдауымен көпшілікке онлайн концерт беруді қолға алды. Әлеуметтік желіде кейіпкеріміздің өзі әнін жазған «Білсең болды» (сөзі: Н.Алмас), «Мен сені сүйдім» (сөзі: Қ.Шынболат) әндері жастардың қошеметіне бөленді. Сонымен бірге, өмірде – әкесі, өнерде – ұстазы Ә.Темірхановтың «Перзент үні» (сөзі: Н.Өтеғұлова), «Достық лебіз» (сөзі-А.Темірболатова), «Ауылға қайтып келемін» (сөзі:С.Жиенбаев) әндерін және де бард әнші Т.Досымовтың «Биіктік», «Махаббатты сезіну», Ұ.Жолдасовтың «Ұмыта алмадым», Т.Мұқанбетжановтың «Отан» әндерін нақышына келтіріп орындады. Репертуарында басқа да сазгерлердің тамаша әндері бар жас әнші О.Жұмаханов болашағынан зор үміт күттіретіні сөзсіз. Иә, әке жолын қуған ұлға өнер көгінде қанатың талмай, самғай бер деп тілек білдіреміз.
Сайран БОРАНҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөзден