Сейсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен қазақтың батыр ұшқыш қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме ашылды. Оған еңбек ардагерлері, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Атырау облысының Құрманғазы ауданы, Зормата ауылында 1922 жылы дүниеге келген Хиуаз Доспанованың балалық, жастық шағы Орал қаласында өтеді. Орта мектепте оқып жүріп қаладағы ұшқыштар даярлайтын арнайы курсқа жазылып, «Қосалқы ұшқыш» мамандығын алады. Мектеп бітірген соң №1 Мәскеу медицина институтына оқуға түседі. Оқу орнының І курсын аяқтаған шақта Ұлы Отан соғысы басталып, өз еркімен әскер қатарына сұранған оны Саратов қаласындағы әскери-ұшқыштар училищесіне оқуға жіберіледі. Оқуды бітіргеннен кейін Кеңес Одағының Батыры Марина Раскова құрған түнгі бомбалаушы ұшқыш әйелдер полкіне штурман болып қабылданып, 19 жасында неміс басқыншыларына қарсы соғысқа кіріседі. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыста Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия жерлерінде «ПО-2» ұшағымен 300-ден аса әуеге көтеріліп, жау төбесінен бомба тастайды. Майданда үш рет жарақат алып, соғысты 1945 жылы Берлинді алған соң аяқтайды. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл Ту», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталса, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріледі.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Бақтыгүл Хасанова:
– Қазақтың батыр ұшқыш қызына арналған көшпелі көрме елордамыз Астана қаласынан бастау алып, Алматы, Ақтөбе, Орал қалаларында ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Атырау облысына қарасты барлық аудандарда өтуде. Аталмыш көрмені жасақтау барысында Алматы қаласына арнайы барған музей қызметкерлері Хиуаз апамызбен жолығып, сұхбаттасқан болатын. Көрмеге сол кезде батыр апамыз берген өзінің жеке тұтынған бұйымдары қойылды. Бұл бұйымдар көрмедегі құнды жәдігерлердің бірі. Сондай-ақ, 22 қараша мен 24 қараша аралығында өтетін көрмеде соғыс тақырыбына қатысты жәдігерлер, облыстағы Кеңес Одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлеріне арналған экспозициялар бар. Көрмені өткізуге қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз, - деді.
Сондай-ақ шарада аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру білімі басшысының міндетін атқарушы Гауһар Құрманғазиева мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин сөз сөйлеп, өтіп жатқан шараның мәні мен маңызына тоқталды.
Бұдан кейін көрмеге келушілерге облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілі Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы кеңірек түсінік беріп, көрмеге қойылған жәдігерлермен таныстырды.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.
Суретті түсірген автор