Жақында «Алаш ардақтылары» атты қазақтың «Үш бәйтерегі» мен «Бес арысы» атанған ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау бойынша республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауы болып өтті.
Осы байқауға қатысып, бақтарын сынаған Көздіғара ауылдық округіндегі Қоныстану балалар өнер мектебінің оқушылары аудан абыройын асқақтатып оралды.
Айталық, аталмыш мектептің оқушылары «Қолөнер» жанры бойынша Кәусар Жолдас, Рысгүл Байболсын, Фатима Наурыз, Жұлдыз Қуандықтар бірінші орынды жеңіп алса, Айтолқын Манарбек пен Райгүл Құмарғали екінші орынға ие болды. Ал, «Бейнелеу өнері» жанры бойынша Райымбек Құмарғали бірінші орынды, Нұртөре Қадыр мен Аяна Аманғали екінші орынды, Тоқжан Амандық үшінші орынды иемденсе, Құныскерей Саламат («Көркем сөз» жанры бойынша) пен Ақбаян Болат («Аспапта ойнау» жанры бойынша) үшінші орынды еншіледі.
Сол сияқты, аталмыш байқауға қатысқан оқушыларға саналы білім беріп, өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, рухы биік әрі білімді шәкірттер тәрбиелегені үшін аталған мектеп мұғалімдері Алтынай Жалжанова, Ержан Көшербай, Жұмабек Амандық, Нұрхат Мизам, Шынар Мұратовалар арнайы Құрмет грамотасымен марапатталды. «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз»,-деп Абай ақын жырлағандай, оқушыларды өнердің қыр-сырына қанықтырып, өнерге қызығушылықтарын арттырып, еңбекке баулып келе жатқан мектеп мұғалімдерінің еңбегі зор.
Ендеше, оларға алдағы уақытта шығармашылық табыс тілейміз.
Жарқынай МҰҚАШЕВА,
Қоныстану балалар өнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары