Өткен аптаның жұмасы күні Ойыл ауылдық округіндегі «Шалқыма» мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Тал бойыңды билеген би сиқыры» атты аудандық би байқауы өтті.
Би падишасы Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған байқауға сегіз округтен тоғыз бишілер тобы қатысты. «Жұлдыз-ай» үлгілі би ұжымының «Шашу» биімен ашылған сайыста 6-9 жас және 10-13 жас аралығында екі топқа бөлініп, бақтарын сынаған бишілер қазақ және өзге ұлт өкілдерінің билерін бір-бірден биледі.
Нәтижесінде, 6-9 жас аралығындағы сайыста қазақ биі «Бұралаң» және орыс ұлтының «Варенька» биін билеген «Ойыл аруы» кіші бишілер тобы (Миялы а/о. Жетекшісі – Лизия Оқас) І орынды жеңіп алса, ІІ орынды Мұқыр ауылдық округінен қатысқан «Сымбат» кіші бишілер тобы (жетекшісі – Айша Есенғали), ал ІІІ орынды жангелдиндік «Іңкәр» кіші бишілер тобы (жетекшісі – Ақсәуле Сырымқызы) иеленді. Ал, 10-13 жас аралығындағы бишілер тобында І орынды қазақ биімен және орыс халқының «Калинка» биімен Ойыл ауылдық округінің «Айзере» бишілер тобы (жетекшісі – Ақсәуле Отаралиева) жеңіп алды. Бұл топта сағыздық «Айдана-ай» би ұжымы (жетекшісі – Салтанат Жексемалиева) ІІ орынды иеленсе, ІІІ орынға көздіғаралық «Көздіғара» бишілер тобы (жетекшісі – Диляра Жарасханқызы) мен жамбылдық «Шалқыма» бишілер тобы (жетекшісі – Айшат Асанқызы) қол жеткізді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ