Халықаралық балалар кітабы күніне орай аудандық «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алып қазына» атты балалар кітапханасында жыл сайынғы үрдіспен жоспарлы апталық болып өтті.
Апталықтың алғашқы күні «Мүшел той иелері балаларға» деген тақырыппен биылғы аталып өтілетін М.Әлімбаевтың 100, Қ.Әбдіқадыров 120, Е.Өтетілеуов 85, Ә.Асылбеков 85, С.Қалиев 80, М.Қабанбаев 80 жылдығына орай өмірі мен шығармаларын насихаттап, балалардың оқуға деген құштарлығын, қызығушылығын оятуға арналған кітап көрмесі насихатталды. Екінші күні «Мен оқыған кітап» ертеңгілігіне жалғасып, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының 4-сынып жетекшісі Қ.Махамбетова шақырылды. Оқыған кітаптарын әңгімелеген оқырмандар әңгіме желісіндегі кейіпкердің образын сомдады. Оқырмандар Д.Ержан, Т.Серікбайқызы, С.Қалилар өздерінің көркемсөз оқуға құштарлықтарын білдіріп, М.Мақатаевтың «Үш бақытым», «Отан» М.Шахановтың «Не амал» өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.
Ал, үшінші күн «Менің алғашқы кітабым» тақырыбында пікір алмасуға ұласты. Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушылары сынып жетекшісі Г.Оразовамен бірге шақырылып, бұл сыныптағы 16 бала әрқайсысы өздерінің оқыған кітаптарының желісін баяндап берді. Апталықтың төртінші күні айтулы ақын М.Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Мағжан жыры мәңгілік» жыр байқауы өткізіліп, онда Б.Аманшин атындағы орта мектебінің оқушысы Н.Айжарықұлы І орынды, А.Асылбекқызы ІІ орынды, А.Сержан мен Ж.Нұртай ІІІ орынды иеленді. Соңғы күні «Оқы, талқыла өзгеге ұсын!» тақырыбымен әдеби вернисаж өткізіліп, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының 4-сынып жетекшісі А.Оңайбай шақырылып, ол тәлімі мол әңгіме өрбітті. Ағартушы, педагог Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ» шығармасын оқытуды мақсат тұтқан шарада оқырмандар Қ.Қалиолла, М.Ерболат, М.Аманбекұлы, Қ.Медетұлы, М.Асылбекұлы, А.Мейрамбекқызы, Л.Мұрат сынды оқушылар тұшымды пікір айтып, жазушының өмірі мен шығармаларын жетік білетіндіктерін көрсетті. Апталыққа белсенді атсалысқан барлық оқырман мен сынып жетекшілері алғыс хат, сыйлықтармен марапатталды.