Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Таяуда, аудандық «Тұмар тәрбие» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Отбасы тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинардың ерекшелігі сол - дала ойындары түрінде өткізіліп, Жырақұдық деген жерде киіз үй тігілді. Шараға облыстық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Зина Ізтілеуова, облыстық әдістемелік орталықтың тәрбие әдіскері Кәмшат Шошақова және барлық аудандағы  әдіскерлер,  тәрбие жөніндегі орынбасарлары,  тәлімгерлер  қатысты. Семинарға қатысушылар алдымен  1 және 2 секцияға бөлініп, кезең-кезеңге бөлінді. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген бірінші секцияда атқа мінездеме беріп, баланы ерттеулі атқа мінгізіп, отырысына баға беріп, жүрісін көрсетсе, «Қазақтың қол өнері – ұлттық мұрамыз» кезеңінде қамшы өру технологиясына тоқталды.

Ал, «Аң аулау – ақыл мен айланың ісі» бөлімінде Жұмабай Жауқаштың «Аңға тазы салу» шеберлік сыныбы көрсетіліп, садақты қалай  ату керектігі түсіндірілді.  Сондай-ақ, «Қазақтың ұлттық ойындары – күш жігердің бастауы» кезеңінде күш сынасып, ләңгі теуіп,  арқан тартты. 
Сонымен қатар, «Ұлтыңды танығың келсе, жеріңді таны!»  бөлімінде жер тану, өскен шөпке мән беріп және қасиетін ажыратып ерекше әсер қалдырды. Сол сияқты «Ұлттық тағам – ұлт мақтанышы» кезеңіндегі  сүт тартып, сары май шайқау мен пайдасы, ұмыт болған отқа нан көміп, исі бұрқыраған таба нан пісірілуі, «Ана көрген тон пішер...» кезеңінде аналардың  тоқуыш тоқып, әндетіп ұршық иіруі көңілге көрікті ой ұялатты. Ең кереметі де сол қолдарына сабауларын алып, әндетіп текемет басуы десек артық болмас. Осылайша, ұлттық құндылығымызды арттырған семинар тәлім  мен тағылымды тәрбиенің мәнін арттыра түсті.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT