Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өрімтал – бас жүлде иегері

Өткен аптаның жұмасы күні Ойыл ауылдық округіне қарасты «Шалқыма» мәдениет үйінде аудандық «Ду-думан» әзіл-сықақ байқауы өтті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы ұйымдастырған бұл шараның негізгі мақсаты – ауылдардағы өнер топтарының шығармашылығын дамыту, жергілікті өнерпаздардың шеберлігін шыңдауға ықпал ету болатын.

1 сәуір – күлкі күніне орай өткізілген бұл байқау пародия, интермедия және әуенді қойылым секілді үш кезеңнен тұрды. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жасқайраттық көрермендер мәдениет үйі залын лық толтырды. Олар алты ауылдық округтен қатысқан өнерпаздардың өнерлеріне тәнті болып, олардың күлдіргі әрекеттерін қошеметтеп отырды. Әсіресе, Көздіғара ауылдық округінен «Талант», тасшағылдық «Шапалақ» және қаракөлдік «Жамбылдық жайсаңдар» топтарындағы жас өнерпаздардың пародиялары мен интермедиялары көрермендердің көңілдерінен шықты. Ал, «Тамаша думан» тобы, «Балауса» және «Өрімтал» балабақша ұжымдары сахналаған көріністер жұртшылықтың езуін күлкіден жидырмады. Дегенмен, кейбір топтар көріністерін шекті уақытқа сыйғыза алмай ұзартып алса, кейбір көріністердің қайталануы кездесті. Нәтижесінде, мәдениет қызметкерлері болмаса да кәнігі әртістерше ойнап, көрермендердің ризашылығына бөлене білген жасқайраттық «Өрімтал» балабақшасының ұжымы бас жүлдені иеленсе, Сағыз ауылдық округінен қатысқан «Балауса» балабақшасының тәрбиешілері І орынды еншіледі. Жеңімпаз командалар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан Алғыс хат пен қаржылай сыйлыққа ие болды.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521