Енді биылғы жылдан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша шілде айының бірінші жексенбісінде қазақстандықтар Ұлттық домбыра күнін атап өтетін болады.
Аталмыш мерекеге орай өткен аптаның бейсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде домбырашыларға арналған шеберлік сағаты өтті. Оған ұлттық аспабымыз домбыраны серік еткен жас жеткіншектермен бірге бөлім, мекеме қызметкерлері, барлығы жүзден астам адам қатысты.
Оларға Миялы балалар өнер мектебінің ұстаздары Дина Төремұратова, Айхан Тұрсынғали және Қоныстану балалар саз мектебінің мұғалімі Есет Махмуттар домбыра туралы қысқаша түсінік беріп, күй тартуды үйретті. Сонымен бірге, кәсіпкерлік нысандарды аралаған Миялы ауылдық округінің және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері домбыра туралы кітапшалар таратып, халық көп жиналған жерлерде күй тартып берді.
Ал, жұма күні «Жастар» саябағында «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Концертке қатысушылар тек қана домбырамен ән салып, күй тартты. Онда құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің міндетін атқарушы Бекнұр Әжіғалиев:
– Домбыра – қазақ елінің көнекөз шежіресі, ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Елбасы белгілеп берген Ұлттық домбыра күнінің мақсаты – қазақтың ұлттық аспабы домбыраны насихаттау арқылы ұлттық мәдениетті сақтау. Сондықтан, бүгінгі кеш арқылы халқымыздың қасиетті домбыраны қаншалықты қадірлейтінін білдіруіміз қажет. Ұлттық болмысымызды асқақтататын Ұлттық домбыра күні құтты болсын, – деді.
Мерекелік концерттің шымылдығы Миялы балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблінің орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылып, аталмыш мектептің бірінші сынып оқушыларының орындаған «Жастар биі» күйімен жалғасты. Концерттік бағдарламада Қоныстану балалар саз мектебінің мұғалімі Есет Махмут Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Миялы балалар өнер мектебінің ұстазы Айхан Тұрсынғали Құрманғазының «Байжұма», Бағытбек Жаубасар Есбайдың «Терісқақпай», Бекет Сағынай Құрманғазының «Терісқақпай» күйлерін көпшілікке тарту етсе, Сапармұрат Нұрбай Сүгірдің «Шалқыма», «Ақжелең» қыздар ансамблі Қыздарбектің «Сылқым қыз» күйлерін күмбірлетті. Сондай-ақ, Сапармұрат Нұрбай «Жігер» домбырашылар ансамблінің қолдауымен Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйін тыңдар-мандарға ұсынды. Қоныстанулық Ұлан Жәкеновтің «Жас өмір» әні мен жас домбырашылар Орынгүл Нұртаева, Нұрлан Нұрғалиев, Ақбаян Жаубасардың орындаған халық әндер жиынтығын көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Ал, Айхан Тұрсынғали, Сапармұрат Нұрбай, Бекет Сағынай, Бағытбек Жаубасардың күй тартысы домбыра сүйер қауымның делебесін қоздырды. «Жігер» домбырашылар ансамблі орындаған М.Әубәкіровтің «Талас», Қ.Ахмедияровтың «Күткенде», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлері шараның шырайын кіргізгені ақиқат. Домбыра сүйер қауымға көңілді кеш сыйлаған мерекелік концерт Миялы балалар өнер мектебінің ұстазы Дина Төремұратованың жетекшілігімен орындаған «Келіншек» халық күйімен аяқталды. Бұл күйді орындауға жүзден астам домбырашылар қатысты.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.