– Бүгінгі кешке Гүлмира ханымның шашбауын көтеріп келіп, жалынды жырмен жанға шуақ сыйлағаныңызға рақмет. Ендеше, сіздің де есім сойыңыз бен өскен өңіріңіз жайлы біле кетсек...
– Мен де сол Шығыстың қызымын. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында Қозы менен Баянның өңірінде дүниеге келдім. Мектеп бітірген соң қасиетті қара шаңырақ саналатын Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы Семей мемлекеттік университетінде білім алдым. Сол оқу орнында филология факультетін тәмамдап, ең алғашқы еңбек жолым Семейдегі Абай мұражайынан басталды. Сол үлкен шаңырақтан тәлім алып, кейін Астанаға келдім. Қазір елордамызда оқушылар сарайында жұмыс жасаймын. Қосымша шығармашылық ретінде поэзиямды жаныма серік етіп, әндерге сөз жазамын.
– Өлең ауылына қашаннан бастап ат ізін сала бастадыңыз?
– Алғашқы шимай-шатпағымыз мектеп кезінде басталды ғой. Ол кезде не жөнді өлең болды дейсіз... Төрт жол тақпақтар жазып, оны өзгеге көрсетуге ұялып жүретінбіз. Ал, таза өлең жазуды университет қабырғасында бастадым. Сол кездерде ақындық ортамыз қалыптасып, поэзияның не екенін ұғына бастадық. Түрлі мүшәйраларға қатысып, жүлдегер атандық. Осы орайда, айта кетейін поэзия әлеміндегі ең басты жетістігім – Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері болуым.
– «Ұстазсыз шәкірт тұл» дейді қазақ. Осы сырлы поэзияда кімді ұстаз тұтасыз?
– Ең үлкен ұстазымыз – поэзияның шыңында тұрған қазақтың бас ақыны, дүниетанымы да, философиясы да кейінгіге азық болған Абай атамыз деп білемін. Одан кейін сүйіп оқитын ақындарымның ішінде Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Ұлықбек Есдәулет бар. Кейінгі толқындардан Қалқаман Саринмен бірге қатарлас жазып жүрген ақындарды үлгі тұтамын.
– Қазіргі қазақ поэзиясына не жетіс-пейді деп ойлайсыз?
– Меніңше біздің поэзияға азаматтық үн жетіспейді. Мысалы, Фариза Оңғарсынова апамыз тек ақын емес қайраткерлігімен де ел есінде қалды. Яғни, ол кісінің өзіндік азаматтық үні болды. Ел, жер, тіл, дін тақырыбында қалам тербегенде анау-мынау адамды жолда қалдыратын. Ол кісі сонысымен де қадірлі, құрметті. Ал, қазіргі поэзия ақындары соның ішінде қыздардың бойында Фариза апамыздың батылдығы байқалмайды. Көбіміз тек махаббатпен ғана шектеліп жатырмыз. Қадір ағамыздың «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» деген өлең жолдары да осы ойыммен ұштасады.
– Ақындар поэзия және айтыс ақындары болып екіге бөлінеді. Осы екі топтың қайсысы туралықты насихаттап жүр деп ойлайсыз. Айтыс ақындарына деген көзқарасыңыз қандай?
– Ақын деген атты арқалап жүргенімен бұлар екі бағыт екі бөлек әлем деп есептеймін. Себебі, поэзия ол жазба ақындардың еншісінде болса, ал, айтыскерлік суырып салма ақындарға ғана лайықты. Поэзия – тереңдік, сұлулық, іңкәрлікке құмар болса, айтыс – шаппа-шапта сөз табу, қарсыласты қапыда қалдыру, ұтымды әзіл айтатындарға қолайлы. Екі әлемді қатар ұстап, поэзияда да, айтыста да оза шауып жүрген ақындар да жетерлік. Айтыс туралы айтар болсам бұл қазақтың басына біткен бағы деп білемін. Осыны бағалай білуіміз керек. Бір әттеген-айы қазіргі айтыстың көпшілігі жаттанды болып бара жатыр, шоуға айналып кетті десек те болады. Бірақ, суырып салма ақындар да жетерлік. Мысалы, Айбек Қалиев ағамызды айтуға болады. Ол кісі өзі де, сөзі де ірі, кесекті тұлға. Жалпы поэзия, айтыс деп бөлмей екі тарап та елдің мұңы мен жұрттың жүгін көтеруде бірге атсалысса қазақ ақындарының мәртебесі биіктей түсері хақ.
– Мәнді де, мағыналы әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан,
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.