Астана қаласына бару көкейімде арман болып, аңсап жүретінмін. Сәті түсіп мамыр айының 17-25 аралығында «Рухани қазына-2018» бағдарламасы аясында өткен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің І фестиваліне қатысуға бардым.
Шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Италия мемлекетінен келген «Амброзиана» Азия класс академиясының ғалым хатшысы, профессор Канетта Эдуардо фестивальдің мақсатына жетуіне тілек білдірді. Одан әрі «Өңіраралық диалог: қазақстандық кітапханалар мен музейлер–жаһандану дәуіріндегі ұлттық құндылық» тақырыбымен пленарлық сессияға жалғасып, кейін әр өңірден келген кітапханашылар пікір бөлісті.
Екінші бөлім Тәуелсіздік сарайында «Әлем астаналарының шежіресі» атты тақырыппен ұйымдастырылған көрменің тұсаукесері өтіп, оған әлемнің отыз бес елінен келген кітапханашылар өз елдерінің Астанасы туралы шежіре-көрме ұйымдастырды. Әр елдің Астаналар тарихына үңіле жүріп, оларда ең көне басылымдардың қайталанбас үлгілері сақталғанын көрдік. Италия, Белорусь, Грузия, Түркия, Германия, Индия, Өзбекстан елдерінің кітап көрмелері үш тілде таныстырылып, еліміздің бұрынғы астанасы болған қалаларының кітапханалары шежіре-көрмелерімен қатысты. Содан соң «Кітапханаларды сандық жүйеге көшіру және электрондық форматтағы кітаптардың кез келген оқырман үшін қолжетімділігі» тақырыбында шеберлік сағаты ұйымдастырылып, келесі күні «Кітапхана–жаһандану дәуіріндегі ұлттық құндылық», «Әлемдік өркениеттегі–түркі тілдері» тақырыптарында панелді отырыс, дөңгелек үстелге зиялы қауым өкілдері қатысып, пікірлерін ортаға салды.
Осылайша, келешектің көкжиегіне ұмтылған кітапхана саласының өркениет жолына бастаған қадамдары көңілімізге қуаныш ұялатып, алған әсерімізден шыға алмай әріптестерімді қуантуға асықтым.
Фестиваль өз жұмысын бастағанға дейінгі және одан кейінгі уақытымыз қаламен еркін танысуға арналды. Бәйтерек, «ЭКСПО» көрмесі, Ұлттық музей, Ұлттық академиялық кітапхана, Тәуелсіздік сарайы, Пирамида тағы басқа кешендер сәулет өнерінің биіктігін паш еткендей. Қай жағыңа қарасаң да зәулім үйлер, әсем ғимараттар сан құбылып таңдай қақтырар ғажайып көрінісімен есте қалды. Ал, жарқын еліміздің болашағы жайнаған, жарқыраған Астана арудай сыланған күйде бізге қол бұлғап қала берді. Ерекше сезімге бөлеп, асқақ армандар қаласы болған арайлы Астананы өзімше жырға қостым.
Жайнай бер, арайлы елордам!
Жырға қосып ел көркі Астананы,
Елімнің – Елордасы бас қаланы.
Әр жүректі бөлейтін ыстық нұрға,
Астана арман қала асқаралы.
Гүлдендіріп бабалар өткен жерін,
Ата-күлдік қоныс қып төккен терін.
Азаттықты аңсаған ұлы дала,
Сарыарқа Ақ Ордада тепкен орын.
Ғажап қала туындап қиялынан,
Көшірді елді тізілтіп тұяғынан.
Көрегендік демеске амалың жоқ,
Алақанға айшық боп сияды маң.
Ақша бұлтты еміп тұр «Бәйтерегі»,
«Тәуелсіздік тұғыры», тал-терегі.
Ұшар басы алтын құс, ата қыран,
Бақылайды биіктен байтақ елді.
Маңғаз, биік көрінер «Ханшатыры»,
Ханда қырық кісінің бар ақылы.
Көсем оймен салынып, кестеленген,
Отырғандай төрінде Хан, Батыры.
Жиырма жасқа толып тұр бүгін қала,
Арналсын Астанаға жырым дара.
Жас арудай алаулап, абаттанған,
Жайнай бер бүкіл ел нұрың тама.
Роза ӘБІЛХАНОВА,
аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі.