Таяуда Ш.Еркінов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Құралай Құмарова Алматы қаласындағы Еуразия телеарнасының «Кеш қалмайық» бағдарламасына шақырылып, қатысып келген болатын. Бағдарлама «Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз мерекесінің Қазақстанның әр аймағында аталып өту ерекшелігі» атты тақырыбында өтті.
Оған ақын Мұхтар Шаханов, әнші Мөлдір Әуелбекова, Алматы облысынан, Қызылорда өңірінен және Монғолиядан оралман қазақ қызы қатысты. Бағдарлама барысында Құралай Құмарова өзінің туған жері Қызылқоға ауданының Жасқайрат ауылында 14 наурыздағы Көрісу күні болатын ұлттық ерекшеліктер мен салт-дәстүрлер туралы айтты.
«Наурыз тойын» бүкілхалықтық мереке ретінде «Ұлыстың Ұлы күні» деп тойлауды 1988-1989 жылдары ең алғаш ұлт зиялысы Мұхтар Шаханов ұсынған екен. Содан бері қарай елі-мізде 22 наурыз күн мен түннің теңелетін мерекесі ретінде тойланып келеді.
Кейіпкеріміз үшін кездесудің ең әсерлі тұсы ақын Мұхтар Шахановпен көрісіп, қол алысып, бағдарламаға қатысу еді. Ақын наурыздың 3000 жылдық тарихы туралы айта келіп, нау-рызға арнаған өлеңдерін оқып, тыңдаушыларының ерекше ілтипатына бөленді. Құралай Құмарова әдебиеттің алыбы, поэзия патшасы ақын ағамен өткізген осы бір сәтті ешнәрсеге айырбастай алмайтынын айтады. Осылайша, бұл бағдарлама Құралайдың ғана емес, бүкіл ауылымыздың мерейін көтерген дүние болды. Ал, Құралай Құмарова бағдарламаға барып қатысып келуіне қолдау көрсеткен ұжымдастарына, мектеп басшысы Айнұр Қосдәулетоваға, бала жүректерімен тілеулес болған барлық шәкірттеріне алғысын білдірді.
Майра ЖҰМАШ, Ш.Еркінов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.