Адам баласы өзінің өлшеулі өмірінде ең алдымен анасына қарыздар екені сөзсіз. Әр ана баласының маңдайына жел тигізбей, қолындағы барымен қатарынан қалдырмай өсіреді емес пе?! Сондықтан да ананың аялы алақаны кім-кімге де ыстық. Бұл ретте, Жангелдин ауылының тұрғыны, ақжаулықты ана Мәрия Үмбетова сөзімізге арқау болмақ.
Ол 1959 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. Қиын-қыстау заманның қиыншылығымен тұспа-тұс дүниеге келіп, әкесінің қасында еңбекке ерте араласады. Әр уақытта қиындықтан, еңбек етуден бас тартпауды да сол әке тәрбиесінен үйренген. Айталық, ол кезде ата-анасы малшы оқушылардың барлығы интернатта жатып оқыды. Сол кезден бастап өмірге ерте бейімделген ол 1978 жылы мектепті бітірген соң, «Гүлдәурен» жастар бригадасында еңбек жолын бастайды. Одан соң, құрылыс, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы салаларында аянбай еңбек етті. Ал, 2001 жылдан зейнеткерлік жасқа дейін Жангелдин ауылындағы спорт мектебінде 17 жыл қызмет атқарады. Жас кезінен бір қызметпен немесе іспен шұғылдануды құптамайтын Мәрия Үмбетова спорт мектебінде еңбек етіп жүрген жылдарын қоса алғанда, 1997 жылдан бері егін шаруашылығына бет бұрды. Жер ананың берген несібесімен ауыл, аудан халқын қамтамасыз етті. Оған қоса, аудандық жәрмеңкелерде өз бақшасының өнімін ұсынып, маусымдық кезеңдегі адал еңбегінің жемісін көрді. Сонымен қатар, ауылда өткізілетін шаралардың бел ортасында жүреді. Жангелдин мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі. Сондай-ақ, Мәрия Үмбетованың ауыл жастарымен өткізілетін кездесулерде жастардың тәрбиесі жөнінде айтқан сөздері көпке үлгі. Бүгінде 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 4 немере, 6 жиен сүйіп отырған ақжаулықты әже.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың еңбегін ешкім жоққа шығармас. Әркез баласының тілеуін тілеген, ұрпағына батасын берген ақжаулықты аналардың қай-қайсын тілге тиек етсек те артық емес. Ендеше, бүгін сөз болған Мариядай анамызға балаларының, немере мен шөберелерінің қызығын көруге жазсын демекпіз.
Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕН.