Халқымыздың тұрмысында, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден мерекеленіп келе жатқан мейрамның бірі – Наурыз мерекесі. Қардың еріп, көктің шыға бастайтын бұл кезді жұртшылық қуана қарсы алады. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамын қызылқоғалықтар да кең ауқымда атап өтті.
Ұлыстың Ұлы күні 20, 21 наурыз күндері ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде тойланса, 22 наурызда барлық округтің басын қосып, аудан орталығындағы Миялы ауылының «Бәйгетөбе» алаңында өтті. Онда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Ертеңгілік орталықтан жұртшылықты «Бәйгетөбеге» апаратын арнайы көліктер ұйымдастырылды. Таң атқаннан алаңға жиналған халық күннің салқындығына қарамай, жақсысын киіп, жағалай тігілген киіз үйлерді аралап, бір-біріне ізгі тілектерін жаудырды.
Тайқазандағы наурыз көже
Алдымен, «Арман» мәдениет үйі ұжымы ашық аспан астында дастарқан жайып, наурыз көже үлестіріп мерекенiң думанын қыздырды. Мерекенiң ашылу салтанатында дабыл қағылып, атқа мінген жаршы жігiттер тойдың басталғанын айтып жар салған соң аудан әкімі Арман Баженов:
–Тәуелсіздігімізбен бірге қалыптасқан Наурыз мейрамы қазақстандықтардың асыға күтетін халықтық мерекеге айналды. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай ұлттық кодты сақтау – ұлттық құндылығымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеуді Наурыз мерекесінің сипатынан көруге болады. Көктемнің осынау шуақты күнінде табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігі, бейбітшілігі мен түсіністігі нығайып, адам баласының жан-дүниесі жаңғыра түседі. Бұл күні дана халқымыз дау-жанжалдарды тоқтатып,бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, тіл табыса білген. Мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген. Ендеше, осынау ұлы мерекеде баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дастарқандарыңызға молшылық тілеймін. Ұлыстың Ұлы күні құтты болып, ақ мол, жыл ырысты болсын! – деп құттықтау тілегін білдірді.
Бұдан кейін «Қош келдің, әз Наурыз» атты театрландырылған қойылымы жұртшылықтың назарына ұсынылды. Алаңға аруанаға мінген Қыдыр ата келіп елге, жерге жақсылық, молшылық, табыс, береке, ынтымақ, бiрлiк тiлеп, ақ батасын бердi. Кимешек киген аналар «Аластау» рәсімін жасаған соң, көрермендер «Арман» мәдениет үйі, Х.Досмұхамедұлы, Б.Аманшин атындағы орта мектептері, Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясы, Миялы өнер мектебі, «Жасұлан», «Балдырған», «Нұр-Шуақ», «Балдәурен» бөбекжай балабақшаларының ұжымдары сахналаған би-шешен, батырлардың көрінісін, ақындардың айтысын, саятшылардың шеруін тамашалады. Сондай-ақ, аудан тұрғындары «Мешкейлер» мен «Қолөнер» сайыстарының, «Сән үлгісі» мен «Шашы ұзын бұрымды қыз» байқауларының куәсі болды. Тайқазандағы наурыз көжені кеселерге толтыра құйған әжелер жұртшылыққа үлестірді. «Арман» мәдениет үйінің әншісі Раушангүл Стомма ұлтымыздың салт-дәстүрлерін бейнелейтін композициялық көріністермен «Ақ босаға» әнін орындаса, «Ойыл аруы» бишілер тобы «Шашу» және «Көктем аруы» билерін тарту етті. Мерекелік бағдарламаның соңында аспанға түрлі-түсті шарлар мен бейбітшілік символы көгершіндер ұшырылды. Бір айта кетерлігі – мәні мен маңызы зор шараның театрландырылған көріністерін қатып қалған сценариймен жүргізбей, ауа райының қолайсыздығына қарай ықшамдап, жүйелеп берсе игі. Әйтпесе, қағазға қарап алып, ұзын-сонар шұбырта беру көрермендерді мезі етіп жіберетіні шындық.
Әділет – «Өгіз салымға» қол жеткізді
Театрландырылған көріністен кейін ұлттық спорттық ойындар дәріптелді. Соның бір айғағындай, тұңғыш рет ұйымдастырылған жаппай көкпар додасы мен «Бұқа тартыс» сайысы өткізілді. Жаппай көкпарға 16 адам қатысып, 21 салым салынды. Соңғы, яғни 21-ші салым «Өгіз салым» деп аталды. Әр салымға 10 мың теңгеден бәйге тігілсе, «Өгіз салымның» байрағы 30 мың теңге болды. Атырау қаласының көкпаршылары додаға арнайы келіп қатысты. Нәтижесінде, аты-раулық көкпаршы Әділет Жұмақан жеті салымға және «Өгіз салымға» (өгіз өлі) қол жеткізсе, жангелдиндік Ақжол Нұрлыханов үш салым салды. Көкпардың Наурыз мерекесінде ұйымдастырылуына септігін тигізген аудан әкімі Арман Баженовке спортшылардың алғысы шексіз. Алдағы уақытта да жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастыратын аталмыш спорт түрі жиі ұйымдастырылса игі.
«Күш атасын танымас» дегендей, салмағы атан түйеге татитын қайраты тасыған жігіттер «Бұқа тартыс» сайысында бақ сынады. 11 адам қатысқан сайыста миялылық Руслан Ізімғалиев ешкімге дес бермей жүлдеге тігілген қойды еншіледі. Аударыспақ ойынында қарсылас шақ келтірмеген атыраулық Асхат Оралбаевтың мерейі үстем болса, 12 адам бақ сынаған кір тасын көтеруде 32 келілік кір тасты 42 мәрте көтерген қаракөлдік Ришат Ғалиахметов І орынды, 40 рет көтерген Думан Жекенов ІІ орынды иеленді. Арқан тартуға сегіз команда қатысып, нәтижесінде Миялы ауылындағы 1993 жылы туылғандар І орынға, «Бәйсеу ауылы» командасы ІІ орынға қол жеткізді. Ал, теңге алу сайысында ептілік танытқан Әділет Жауынбаев, Асхат Оралбаев, Әсет Дәурен, Әділет Жұмақандардың бағы жанды. Жеңімпаздардың барлығы да қаржылай сыйлықпен марапатталды. Айта кетерлігі – осы мәдени және спорттық шараларға «Сағыз Петролеум» ЖШС, «Мәтен Петролеум» ЖШС және жеке кәсіпкер Зейнолла Баймұратов қаржылай демеушілік танытты.
Ұлттық нақыштағы киіз үйлер «Бәйгетөбеде» жағалай тігілген әр үйге батыр, би, ақын, күйшілердің есімдері берілді. Қаз-қатар тігілген он бір киіз үй мерекенің сәнін келтірді десе болғандай. Қай шаңыраққа бас сұқсаңыз да әсем әннен шашу шашылып, күмбірлеп күй төгiлуде. Ұйымдастырушылар киіз үйлерін қолөнер туындыларымен және ұлттық жасаулармен көмкеріп, қазақтың әсем ою-өрнектері салынған текеметтер және тұс-киіздерімен безендіріп, дала өркениетін көрсетуге тырысқан. Аудан әкімі Арман Баженов барлық киіз үйлерді аралап шығып, қолөнер көрмелерін тамашалап, ұлттық мейрамды атап өтуге ұйымшылдықпен атсалысқандарға ризашылығын білдірді. Осы тұста, аудан басшысы Миялы ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жаубасар Мұқанбетовті мерейлі 75 жасымен құттықтап, «Отан патриоты» медалін кеудесіне тағып, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың Алғыс хатын табыс етті. Осылайша, Наурыз мерекесі өз мәресіне жетті.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.
Суреттерді түсірген: автор
Саламат ЕРБОЛОВ, Атырау қаласының тұрғыны:
Наурыз мерекесін тамашалауға Атырау қаласынан келгенмін. Әрине Ұлыстың ұлы күнін қалада да жоғары деңгейде атап өтеді. Дегенмен ауылдық жерде өзгеше болады деп ойлайтынмын. Бұл ойым шындыққа айналды. Жағалай сән-салтанатымен тігілген киіз үйлер, мәдени-спорттық шаралар, ауыл адамдарының ақжарқын пейілдері. Осының бәрі еріксіз өзіне тартады екен. Қай үйге бас сұқсаң да құрақ ұшқан адамдар алдыңнан қарсы алып төрге оздырады. Дастарқан үсті толған ұлттық тағамдар. Кейбіреулерінің атын естігенім болмаса көрмегенмін. Енді міне осы жерден дәмін таттым. Әр үйде шалқыған ән, күмбірлеген күй. Ауылдың қариялары жақсы тілектерін арнап, баталарын беруде. Қолөнер көрмелері де көздің жауын алады. Театрландырылған көріністері де тамаша ұйымдастырылған. Ұлттық спорттық ойындардың да куәсі болдым. Қалаға барған соң көрген әсерлеріммен бөлісемін.
Бәрі қазақылық. Көз куанатындай той болды. Көңіліме қатты ұнады. Ерекше әсер алдым. Осындай шараны ұйымдастырып, аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жандарға айтар алғысым зор. Еліміз тыныш, бірлікте болайық.
Дүзгенбай ӨРБІСІНОВ, Тайсойған ауылының тұрғыны:
Мұндай кең көлемде ұйымдастырылған Наурыз тойын бірінші көруім. Ауыл көлемінде өткізілетін Наурыз мерекесіне ат салысып, жүрміз ғой. Дегенмен, аудан көлемінде өткесін бе, бұл жолғы Наурыз мерекесі ерекше өтті. Барлық ауылдық округтер мен мекемелер ұлттық мейрамды жоғары деңгейде өткізуге жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Еліміздің даңқын шығарған ақындар, батырлар мен билердің есімдерін әр ауылға берілгені өте дұрыс. Осындай жиындар арқылы олардың есімдерін тағы бір жаңғыртып, кейінгі жастардың есіне түсіріп отырған абзал. Киіз үйдің жанына құрылған алтыбақан, ұлттық киім киген ауыл әжелері, қыз-жігіттер бәрі-бәрі мерекеге айрықша сән беруде.Тайсойғаннан ауыл әкімі бас болып бірнеше өкілдер келдік. Құрмет көрдік. Ұлттық сана мен бірліктің жарқын көрінісінің өтуінің куәсі болдық. Бұған мұрындық болған аудан әкімі Арман Сырымұлына алғысымыз шексіз.
Ендеше, арайлап жеткен әз Наурыз мейрамында ақ мол болып, жылымыз ырысты болсын. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, бейбітшілік пен келісімнің арқауы болған Ұлыстың Ұлы күні жанұяларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін!