Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Әр шәкірттің көп нәрсені үйренгенін қалаймын»

Атақты жазушы Мұхтар Əуезов: «Жалпы музыка атаулы нəрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген болатын.

Әрине, осындай сырлылығы тұнған өнерді дәріптеуді алдына мақсат еткен, «Қазақстан» телерадио корпорациясы ұйымдастырған «Мен қазақпын» мегажобасының «Үздік күйші» номинациясының иегері Жәнібек Жәмиевпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Жәнібек Жантұрсынұлы, «Мен қазақпын» мегажобасындағы жеңісіңіз құтты болсын! Сұхбатымызды бастамас бұрын, ең алдымен өмірбаяныңызға тоқталсаңыз?

– Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сағыз ауылында 1992 жылы 10 ақпан күні дүниеге келдім. 1998-1999 жылдары мектеп табалдырығын аттап, А.Өміров атындағы балалар саз мектебінде Күләш Мерғалиева ұстазымнан алғаш домбыра үйрендім. Ал, 2008 жылы Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжіне оқуға түсіп, Ерлан Сақтанов деген ағайдан дәріс алдым. Колледж қабырғасында 10-нан астам конкурсқа қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болдым. 2012 жылы колледжді бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына ұстаз, профессор Карима Сахарбаева апайымыздың сыныбына оқуға түстім. Онда да түрлі конкурстарға қатысып, бас жүлде, гран-приді иелендім. Атап айтсақ, халықаралық «Шабыт» жастар сыйлығының конкурсында домбырашылар байқауында бірінші орынды, республикалық Құрманғазы атындағы домбырашылар байқауында бірінші орынды, республикалық Мұрат Өскінбаев атындағы домбырашылар байқауында бас жүлдені еншіледім. Консерваторияда жүрген кезімде шетелдерге концерттермен шығып, Алматы қаласында жеке концертімді бердім. Ал, 2016 жылы сол өзім оқыған оқу орнына еңбек етуге келдім. Былтырғы жылы Әзидолла Есқалиев атындағы республикалық домбырашылар байқауында Атырау облысының атынан қатысып, бас жүлдені, Қостанай қаласында өткен Сағын Жалынышов атындағы домбырашылар байқауына қатысып, бірінші орынды иемдендім. Жалпы, отбасымда анам, аға-жеңгем және әйелім, бір ұлым бар. Сонымен қатар, тағы бір айта кететінім, алдағы жоспарымда жеке концерт беруге дайындық үстіндемін. Жеке концертпен ең алдымен Қызылқоға ауданына және басқа да аудандарға ат басын бұру ойда бар.

– «Мен қазақпын» мегажобасының өту барысы қалай болды? Одан не түйдіңіз?

– Жоба өте жоғары деңгейде өтті. Оған себеп, биыл 3000 адам іріктеуге қатысып, оның 54-і телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Оған қоса, Моңғолия, Ресей елінен де үміткерлер қатысты. Және биылғы жобада домбырашылар, яғни күйшілер өте көп болды. Қазақ халқында әрбір өңірдің орналасуына байланысты 11 күйшілік мектеп бар. Мәселен, Арқада шертпе күй, Батыста төкпе күй деген секілді. Шертпе күй – аты айтып тұрғандай баяу шертіліп тартылады. Ол негізінен лирикалық сезімге бай, жан дүниеңе түрткі салатын сыршылдығы мол. Ерекшелігі жанға жайлы, тыңдаған сәтте демалып, жаныңа тыныштық ұялатады. Ал, төкпе күй – жылдам тартылады. Мұнда ұланғайыр қазақ даласы көз алдыңа елестейді. Желмен жарыса жүйткіген жылқылар, бойға күш-қуат, қайрат-жігер береді. Сондай-ақ, жобадан көп нәрсені ойға түйдім. Айталық, осы күйшілік мектептерді барлық өңірде күйшілер меңгеріп келе жатыр екен. Негізінде, жастар өзінің өңіріне қатысты күйшілік мектепті басшылыққа ала отырып, басқа мектепті де қатар үйренеді. Бұл жобаның артықшылығы да сол болып отыр. Әрине, мұндай жобаның өтуі маған үлкен қуаныш сыйлады.

– Көптеген дүлдүл күйшілердің арасынан бас жүлдеге қол жеткіздіңіз. Алғашында бас жүлде аламын деп ойладыңыз ба?

– Конкурсқа қатысқан соң, алдыңғы орындарды еншілеу кез келген жоба қатысушысының ойында болатыны анық. Бас жүлдені қанжығаға байлау үшін дайындалдық, талпындық, алға қарай ұмтылыс болды. Бірақ, нақты «мен «Мен қазақпын» мегажобасының бас жүлдесін аламын» деген ой болмады. Өйткені, қазақта «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» – деген бар ғой. Бірақ, сахнадағы шеберлік, қазылар алқасына, көрерменге ерекше шабыт сыйлау басты мақсат болды. Қай-қай тұста да мақсат айқын болған да ғана жеңіске жетесің ғой. Бұл мақсатты қоюға да негіз бар. Себебі, мен бұл жобаға екінші мәрте қатысып отырмын. Сондықтан да, мақсатымды айқындап, жеңіске ұмтылыс болды. Сол ұмтылыстың, ерік-жігердің арқасында жеңіс маған бұйырды.

– Сіз мегажобада қандай ерекшелікпен көзге түстіңіз, қазылар алқасы Сіздің қай қырыңызды бағалады?

– «Мен қазақпын» мегажобасында тарихи, көп естілмей жүрген дәсүрлі ән, күйлерді жарыққа шығару негізгі мақсат болып, сол тұсымен ерекшеленді. Мен жартылай финалда және финалда көп естілмей кеткен, сирек тартылған күйлерді орындадым. Соның ішінде, финалда орындаған Құрманғазының «Кішкентай» күйіне қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков «Осыны көптен күтіп жүр едім. «Бұлбұл» және басқа да күйлер шығып жүрді. Ал, сен орындаған «Кішкентай» күйі үлкен әсерге бөледі», – деп ризашылық сезімін білдірді.

– Күй өнеріне қазіргі жастардың көзқарасы қалай деп ойлайсыз?

– Әрине, жастардың барлығы бірдей күйді қатты жақсы көреді немесе барлығы бірдей күйші болады деп те айта алмаймыз. Бірақ, күйден түгелдей дерлік алыстады деуге де болмайды. Қазіргі қоғамның дамуына қарасақ, бір жақты кесіп айту – үлкен қателік. Себебі, күй өнеріне бет бұрған соң, сол күй әлемінде болып, мейлінше енуге тырысасыз. Қазіргі жастар жеңіл жұмыс, жеңіл ақша табу, қиындықты қажетсінбейтін істерге бет бұрған уақыт болғандықтан, күй өнерін аса қолдамайды. Сондай-ақ, күй өнерін дәріптеп, өскелең және кейінгі ұрпаққа жеткізуді өз алдына парыз еткен аға-апа, іні-қарындастарымызды да жоққа шығара алмаймын. Сондықтан, бұл тұрғыда жастардың көзқарасын жақсы не жаман деп ажырату мүмкін емес.

– Ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеп жатырсыз ба?

– Әрине, жұмыс жасаған уақытым аз болғанымен, қазіргі таңда бес шәкіртім бар. Оның алдыңғылары лауреат атанып үлгерді. Атап айтсақ, 4 курс студенті Нұрай Зейнұр Д.Нұрпейісова атындағы Республикалық қыз-келіншектер арасындағы байқауда бас жүлдені иеленсе, ІІІ курс студенті Дана Ғинаятова Ақтау қаласында өткен Роза Айдарбаева атындағы Республикалық қыз-келіншектер арасындағы байқаудан жеңіске жетті. Жалпы, шәкірттерімнің жетістіктері жетерлік. Бірақ, әлі тәрбиелеу үстіндемін. Адамға іздену, үйрену ешқашан артықтық етпейді. Сондықтан да әр шәкірттің көп нәрсені үйренгенін қалаймын. Сол үшін де өзім ізденіп, көп жұмыстанамын.

– Сіз күй өнерінде қай мектептің өкілісіз?

– Жалпы, біз Батыс Қазақстан өңірі негізінен төкпе күйдің отаны болғандықтан, Құрманғазы, Дина, Рысбай, Қаршыға, Әзидолла сынды небір-небір дүлдүлдер, оның бер жағында Айгүл Үлкенбаева,Карима Сахарбаева сынды күйшілердің өкілі болғаннан кейін төкпе күй мектебін жақсы меңгердік. Және де өзіме ұнайтыны Төре мектебі. Негізінен, Маңғыстау, Орда мектептері, Қаратау шертпесі, Сүгірдің термесі өте ұнайды. Жалпы, консерватория қабырғасында оқып жүргенде, барлық күйшілік мектепті қамтып оқу міндетті. Сол 4 жыл ішінде осы 11 күйшілік мектепті меңгердік.

– Өзіңіздің сазгерлік қабілетіңіз бар ма?

– Қазақтың бойында өнердің қай түріне болмасын талант жетерлік. Мен де кей кездерде күй тартып отырып, шабыт келеді. Сол мезетте аудиожазбаға жазып алуға тырысамын. Келесі күні қарағанымда басқа бір күйге ұқсас болып тұрғандай көрінеді. Алайда, ұстаздарыма көрсеткенде жақсы пікірді де естігенмін. Бірақ, өз басым әзірге тәжірибемді толықтыра түскенім абзал деп есептеймін. Себебі, адам өмір мен өнердің тәжірибесін ала отырып, шыңдалады. Жалпы, күйші ретінде өз шыңымды бағындырғаннан кейін, әсерлі күйлерді өмірге әкелемін деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан,

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521