Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ата дәстүрді ардақтайық!

Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында өмірдегі маңызды мәселелерді сөз етті.

Мақалада ұлттық өнеріміз, дәстүріміз кеңінен насихатталған. Әсіресе, «Ұлт тарихындағы уақыт пен кеңістік» бөліміндегі атқа міну мәдениеті тақырыбы ауылдық жерде өскенімен темір тұлпарды ғана тізгіндейтін жандарға арналғандай. Оларға атқа міну мәдениетін естеріне сала отырып, ұлттық құндылығымыздың қадір-қасиетін арттыра түсуіне жол ашып отыр.

Мақалада бірінші болып жылқыны біздің бабаларымыз қолға үйреткені нақты көрсетілген. Ал, жылқының қолға үйретілуі адамзат өміріне үлкен бетбұрыс әкелінгені шындық. Жеті қазынаның бірі саналатын жылқы түлігі ықылым заманнан бері халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде айрықша орын алып келеді. Мінсе көлік, жесе тағам, ішсе қымыз, кисе киім болатын Қамбар ата түлігін бабаларымыз ерекше бағалаған. Жаугершілік заманда ердің қанатына айналған да дәл осы жылқы. Сондықтан, қазақтың тағдыры ежелден жылқымен біте қайнасқан. Оны асырап бағу бір бөлек, міну мәдениеті бір бөлек.

Бүгінгі күні ауылдық жерде туып-өссе де жылқыға мінбек түгіл, ат әбзелдерін айыра білмейтіндер кездеседі. Менің ойымша балаларға ұлттық құндылықтарымызды, соның ішінде жылқы туралы және соған қатысты мәселелерді үйрету мектеп қабырғасынан бастап қолға алынса жақсы болар еді. Жас кезінен Қамбар атаның құдіреттілігін бойына сіңіріп өскен жас жылқыға үйір болары кәміл. Ал, жылқыны жақсы көріп өскен жан елін, жерін сүйіп, табиғатын аялап өсері хақ.

Ауылдық жерде туып, мал бағып өскендіктен жылқыны жақсы көремін. Ат баптап, бәйгеге де қосамын. Жалпы, атқа мінудің денсаулыққа пайдасы зор екенін білген жөн. Әсіресе, сал ауруға ем болатыны баспасөздерде жазылып та жүр. Қымызы да шипалы екенін халық біледі. Сондықтан, технология заманы дегенімізбен, тарихымыз бен тектілігімізді ұмытпай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей жүргеніміз жөн болар.

Аманкелді ИСАЕВ.

Тайсойған ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT