Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Отбасы күніне орай дөңгелек үстел өтті

Дүйсенбі күні аудан әкімдігі және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен осындай тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Оған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов, мемлекеттік қызметшілер, кітапхана оқырмандары және әр салада еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің ата-аналары қатысты.

Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов:

– Биыл мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның құрылғанына 20 жыл толып отыр. Сонымен қатар, кыркүйек айының бірінші жексенбісі – Отбасы күні. Осындай айтулы мерекелерде мемлекеттік қызметте жүргендерді ұлығылап, Сіздермен аз-кем дидарласуды мақсат еттік. Негізі мемлекеттік қызметкерлердің басты қағидасы – халыққа адал қызмет ету. Мұны олар ешуақытта ұмытпаулары керек. Алдына келген әрбір адамның мұң-мұқтажын түсініп, дер кезінде орындай алмаса да дұрыс жауап беруі қажет-ақ. Себебі, мансапқорлық көрсетпей, білікті де білімді қызметкерлердің сөздері мен істері ұштасып жатады. Қарапайымдылық, жауапкершілігі мол және өзін-өзі жетілдіре білген маман ғана мемлекеттік қызметші деген атқа лайықты. Оның жасаған қателігі кешірімсіз, - деді.

Содан соң аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Мақсат Төкенов пен Жангелдин ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жанар Қуанышева «Мемлекеттік қызмет - абыройлы міндет», «Сыбайластыққа жол жоқ» тақырыптарында баяндама жасады. Сонымен қатар, тақырыпқа орай Зияда Зинуллина, Меңдіғали Төкенов, Айжамал Қуанышева және Шолпан Нұрадиновалар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

– Балаң жақсы десе қай ата-ана да сүйсініп, оның жақсы жетістікке жетуіне тілеулес болып отырады. Бізде бүгін марқайып, қуанып отырмыз. Өйткені, мерейлі мерекеде осындай марапатқа ие болдық. Жалпы, баланың жақсы тәрбие алып, сапалы білім игеріп, оны өзінің болашағымен байланыстыра білсе жақсы емес пе?! Ал, мемлекеттік қызметте жүріп оның жүгін арқалай білген әр маман қандай мақтауға да лайық деп білемін, – деген ардагер ана Зияда Зинуллина аналық алғысын білдірді.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов мемлекеттік қызметте жүріп, өздерін жақсы қырларынан көріне білген, жұмысқа адал, жауапкершілікпен түсіне білетін бір топ сала мамандарының ата-аналарын аудан әкімінің атынан алғыс хатпен марапаттады.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT