Таяуда осындай тақырыппен «Арман» мәдениет үйі жанындағы мәдени үгіт бригадасы Жамбыл, Тасшағыл, Жангелдин, Ойыл ауылдық округтеріне, сонымен қатар, Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қараой ауылдық округі Жетікөл ауылына және Көптоғай ауылдық округі, Құрман ауылына барып, халыққа мәдени қызмет көрсету мақсатында студенттердің концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Өз кезегінде шараларда белсенділік танытып, дауыстарымен ерекшеленіп жүрген Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының студенті Дінмұхаммед Жалғас, Атырау агротехникалық колледжінің студенті Галина Нартай, болашақ студент Заманбек Абзалұлы және «Арман» мәдениет үйінің әншілері Азамат Хабылов, Жұмагелді Әділ әдемі әуенімен көрермен көңіліне көрік ұялатса, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының студенттері Бағытбек Жаубасар, Сапармұрат Нұрбай, Аманқос Нұржан төгілте күй тартты. Ал, заманауи әндерді Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Дәурен Ахмет, Атырау агротехникалық колледжінің студенті Мұратбек Сейітжандар тамылжыта шырқады. Сонымен қатар, аталған кеште Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Лизия Оқастың орындауындағы билер кештің көрігін кіргізді.
Міне, әуезді ән, күмбірлеген күй, ырғақты би бір арнаға тоғысқан жастардың бұл кеші жаңаша тарту болды. Жігерлі жастар көп болса, еліміздің болашағы жарқын болары даусыз.
Алтынгүл СӘРСЕНОВА,
«Арман» мәдениет үйінің әдіскері.