Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қалай баюға болады?

«Соқ, боран, соқ, саған бола жұтайтын Шәлік жоқ!»

Ел аузынан

Бітімбай қартпен көптен бері таныспын. Жыл сайын қымызмұрындыққа шақырғанымен, үнемі жолым түсе бермейтін. Бұл жолы бәрі оңынан оралды. Көктемнің өз күшіне енген шағы болатын. Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің бойын жайлаған елде малы мен егін шаруашылығы қатар жүргізіледі. Кеңес кезінде осы өңірдің екі кеңшары бүтін бір облысты астықпен қамтамасыз еткенін бүкіл ел білетін, солардың бірін басқарған осы Бітімбай ақсақал жасы келсе де, әлі де еңбектен қол үзбеген. 93-жылдан бері «Береке» шаруашылық қожалығын басқарып келеді. «Егінді» ауылының берекесі мен ырысына айналған бұл қартыңның өмір тәжірибесі мен білім-білігі ұшан теңіз десем, Бітекемді білетіндер артық айтты демейтініне кәміл сенімдімін. Ол соғыс жылдары бұғанасы қатпаған бала кезінен-ақ еңбекке араласқан. «1941 – 1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен он үш жасында наградталынған. Оның бірге ойнап, бірге өскен бала күнгі достары Бектұров Бөкен мен Жамауов Сәлкен де он бір, он екі жастарында осы медальға ие болғанын бұл күнде екінің бірі біле бермейді. Бұлардың балалық шағы болмаған, бірден есейіп, ер жеткен жандар, майданға кеткен әкелерінің орындарын басты. Кешегі соғыс балалары...Осы Ұлытау ауданының тумалары соғыс кезінде Қарсақпай мыс зауытының ДИП станогінде он екі жасында жәшіктің үстінде тұрып, токарь болып істеген Кіртаев Мұхамеджан мен Сейітжан Әбуіләйісов деген қырсықты қырқыншы жылдардың балалары бұл күнде ел сыйлаған құрметті ақсақалдар. Соғыс бітісімен олар әскери училищеге алынып, бүкіл өмірін Отан қорғау ісіне арнады. Бұлар да бала күндерінде «Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталынған болатын. Қазір екеуі де Ұлы Отан соғысына қатысушыларымен тең дәрежелі зейнеткерлер, запастағы әскери полковниктер, Алматы қаласында күйлі-қуатты, бақуатты тұрып жатыр, балалары ер жетті. Олардың арасында генерал болғандары да бар.

Бәрі де фермер Бітекеңнің – Бітімбай Бекмағамбетовтың соғыс жылдарындағы жыртық иін, аш құрсақ, қайғылы балалық шағы жайлы әңгімеден басталған екен-ау. Өткенсіз бүгін жоқ. Өткен күнде белгі жоқ. Әкенің орнын бала басты. Өмірге жаңа ұрпақ келді. Бәрі де баяғыдай өтіп жататын сияқты. Ой, дүние-ай десеңші. Мына «Бозтұмсық» аулының немесе анау өзі директор болып, аяғынан тік тұрғызған бұрынғы «Егінді» кеңшарының өткені мен бүгінгісін бес саусағындай біледі. Мамыр айының ортасынан ауа желі тартып, құлын байлай бастайды. Бір аптадай қымыз қорланған соң, қымызмұрындық тойы басталады. Кеңес кезінде бие байламайтын үй бірен саран болатын. Қазір елдің тұрмысы 90-жылдарға қарағанда әлде қайда көтерілді. Соның бір көрінісі осы қымызмұрындық мейрамы деуге болады. Қазақта қымыздың он үш түрі бар. Ал, бұл өңірдің қымыз баптау жөнінен айырықша ерекшелігі өз алдына бір сүре әңгіме. Оны көбіне жария ете бермейді. Кентті жерде сауда нүктелерін ашып, қымызды кәсіпке айналдырушылар шыға бастауы бір ғанибет.

Қымызмұрындық тойында Бітімбаймен кездесу үстінде көбіне әңгіме ауаны шаруа жайына ауа берді.Әйтсе де, мен көптен бері ойымда жүрген бір сұрақты көлденең тарттым. Ол әңгімесін әріден бастады.

– Біздің жақтың жер жағдайын, ауа райын өзің білесің. Қысы ұзақ, жазы ыстық. Алты ай қыс боранда мал-жанды сақтау оңайға түспейді.Апта бойы Желтау жақтан соққан боран кезінде: «Соқ, боран, соқ, саған бола жұтайтын Шәлік жоқ!» деген осы жердің бұрынғы өткен байларының бірі Шәлік қазіргі Бозтұмсық ауылын, Қаракеңгір өзенінің бойын жайлаған екен. Бізден бұрынғы қариялардың айтысына қарағанда, төрт түлігі сай болған. Малдың жай-күйін, оты-суын, өрісін алдын ала ұйымдастырып, қысы-жазы бір мігір көрмей еңбек етеді екен.

– Кейде кейбір жастар келіп: «Бітеке, тәжірибеңіз бар, фермерсіз, бұрын ірі шаруашылықтарды да басқардыңыз, осы қалай баюға болады?– деп, сұрайды менен. Сонда мен:– Біріншіден, мен бай емеспін, үкіметке тиісті салығын төлеймін, артық ауыс дәулет артылып жатса, шаруашылықты одан әрі дамытуға, ауылдағы көп балалы ата-аналарға, жалғызілікті қарттарға, мектептің жыл сайынғы жөндеу жұмыстарына жұмсап отырамын. Ал, сен шын мәнінде бай болып, барша мұратыңа жеткің келсе, онда өзіңнің арғы атаң Шәлік байдың қалай байығанын білсең жарайды деймін.

– Сонда қалай? – деп, жатып ала жабысады.

– Ақымақ адам бай болмайды. Байлық ақылдыға қонады. Шәлік бай кеңес заманынан көп бұрын өмір сүрген. «Шәліктің көңі», «Шәліктің ат қорасы» деген жерлер әлі бар. Оның бізден басқа тікелей ұрпағы Рақымжан фермер болып істейді. Шәлік ерте көктемде қар ери бастағанда, мал тұяғының ізі жерге түссе болды, зәйімкені тастап кетеді екен. Өзі ат үстінде тұрып, малдың әр түлігіне сай «осы жерге келіп жайылсын» деп, құрықпен жерге белгі салып кететін көрінеді.Мал баққанға бітеді.Оның жайын алдын ала ойластырады.Көктеу, жаз жайлауы, күз күзеу, қыс қыстауы қатаң тәртіппен өткізіледі.Жайылымдық жерін қалай болса, солай рәсуа етпейді.Рет-ретімен ұқыпты әрі жүйелі түрде пайдалануға әбден машықтанған.Бай шашпа емес, алдын ала есеп-қисабын жүргізеді.Әйтпесе, мал өсімі (воспроизводство) болмайтынын жақсы түсінген. Сол кездің өзінде нарық заңдылығын жақсы білген Шәлік атамыз жаз ортасынан күзге дейін, қолорақ, белорақпен шөбін шаптырып, маялап, үйіп алады да,тек қыста ғана пайдаланған. Қыс түсісімен кәрі қойлары мен семіз еркек тоқтыларын сойып, қысқа «ақ ет» етіп сақтаған. Мұны кейбір жерде «бүрме ет» деп те атайды. Ал, қыс боранды болып, ұзаққа созылғанда, шөбі таусылған көрші-көлемдері келіп, көмек сұрайды. Бір шана шөп – буаз тоқты, «ақ ет», яғни былтыр күзде сойылған тоқты етінің нарқы – бір буаз тоқты, әсіресе, көктемде, «ұзын сарыда» «ақ ет» түгел өтеді екен.Егер мұның бухгалтерлік есебін шығаратын болсаңыз, байдың мал санының үнемі өсіп отыратынын көресіз.

Амантөбеден мына Бозтұмсықтың Құйғанына дейінгі аралықты көптеген байлар жайлаған. «Құлжұмырдың қызыл үйі», «Шәліктің қыстауы», Бөрібас-Әлінің көңі» деген сияқты атауларынан-ақ белгілі.Кешегі кеңес кезіндегі Ұлы кәмпескенің тұсында осы жердің атақты байы Әленнің барлық мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Итжеккенге айдалады.Әлен өз заманында өте сауатты, тіпті, ояздың тілмәші де болып істеген. Әрине, ірі бай болған. Ол кезде Әлен сияқты талай байлар орынсыз зәбір шекті ғой. Әңгіме ол жайында емес. Менің айтайын дегенім байдың ғұмыр бойғы жиған-тергенінің қалай талан-таражға түскені жайында болмақ.Тоғызбай ауылының «тоғыз белсендісі» жиырма төрт үй қаратабандарын қатар тұрғызып қойып, Әлен байдың ақ адал еңбегімен тапқан бар мүкамалын пышақ үсті бөліске салады. Тай-тай жібектерін шешіп, «әуелі қызылдар өкіметіне шын берілгендігін көрсету үшін» тоғызбайдың тоғыз белсендісі белдеріне қызыл белбеу байлап алып, байдың мал-мүлкін өз ара бөлісіп, әрқайсының алдына ондаған қой, ешкі салып, ірі қарадан да үлес алып береді.Әленнің кезінде сонау Ыстамбұл, Петрамбордан алып келген алтын жалатқан шыныаяқтары, Туладан алдырған самауырындарын, неше түрлі зерлі зерең тостағандарына дейін бөлісіп, астарына ат мініп, қаратабандар ауылдарына қайтады.Содан сонау қоңыр күзге дейін, бір бірін қой сойып, қонаққа шақырысып, бөліске түскен шүленді ішіп-жеп, «кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» дегендей, ақыры күзде «Құдай берген, аспаннан түскен байлықтың» арты сұйылып, келесі қыста малы жұтқа ұшырап, өздері баяғы қаратабан күйіне, бұрынғы таз қалпына қайта түседі. Бұл надандықты қой: шаруа қамын алдын ала ойластыру, басқару, елдің әдет-ғұрпымен санасу голощекиндік белсенділерде болған емес. Шолақ белсенділері–мынау, ал қаратабандары анау болғандықтан, Кеңес өкіметінің халықтық өкімет еместігі сол кезден-ақ көрінген-ді. Еңбекке деген артельдік, ұжымдық шаруашылық қатынастың «мен салар да сен салар, атқа жемді кім салар» дегендей хикметі, әрбір жеке артель мүшесінің жауапкершілігінің жоқтығы осы күнге дейін санамызға сіңіп, жансебіл, жаны сірі сол қасиет бізбен бірге әлі ілесіп келеді. Ал, «өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» деген жекеменшік психологиясын ешкім де жоққа шығара алмайды. Кейбір жастар бірден байлыққа күрп ете түскісі келеді. Әу баста байдың өзі кедей болғанын, бірден байлыққа қолы жетпегенін ескере бермейді.Байлық ақылға тоқтайды. Ақымақ адам байи алмайды. Мен неге бай емеспін дейтіндер бар. Әуелі білімің, нақты бағыт-бағдарың болсын, әрине, алғашқы капитал керек. Жігер-қайратың, еңбекқорлыққа төзім мен сабырың серік болсын деймін жастарға.

Қымызмұрындық үстіндегі әңгіме-дүкен ұзаққа созылды. Талай әңгімелердің тиегі ағытылды. Фермер Бітімбай – бірнеше ордендер мен медальдардың иегері, сонымен қатар сегіз баланы аяқтандырып, әрқайсынан немерелер сүйіп отырған бақытты әке. Отбасының ұйытқысы әрі бүкіл жеке шаруашылық қожалығының есеп-қисабын жүргізуші, Бітекеңнің еңбектегі серігі әрі зайыбы Бақыт Молдабайқызы сонымен бірге сиыр да сауып, май шайқап,құрт та қайнатады, тіпті, реті келсе, жүргізуші, слесарь да бола алатын бесаспап жан. Баяғы Шәлік байдан дарыған еңбекқорлық, төзімділік қаракеңгірліктердің бойынан табылады. Өмірге деген құштарлық, жігер мен қайрат бұлардың жан серігіне айналған.Олардың тәуелсіз еліміздің байлығын еселеп арттыруға өз үлестерін қосып жатқанының куасы болдым.

Тәжібай ЖАНАЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT