Астана қаласының 20 жылдығына орай «Елімнің жүрегі – Астана» атты ауылдық округтердің мәдениет күнін өткен аптаның сәрсенбісі күні Ойыл ауылдық округі жалғастырды.
Ойылдықтар мәдениет күндерін әдеттегідей «Арыс» сауда орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен бастады. Төрт түлікті түлетіп отырған бұл ауыл жәрмеңкеге құрт, қаймақ, шұбат, қайнаған құрт сынды мал өнімдерін ала келіпті. Қолжетімді бағадағы өнімдерді аудан орталығы тұрғындары таласа-тармаса сатып алып жатты. Ал, кешкісін «Жастар» паркінде қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Көрме алдында ойылдықтар келушілерге қазақы дәстүрмен бауырсақ пен шұбат беріп, көрермендерге кұрмет көрсетті. Содан соң жергілікті шеберлердің көрікті көрмесі басталды.
Көрікті көрменің басты ерекшелігі – тамашалаушылардың жолына кілем төселіп, қазақы киім киген ару қыздар көрмені таныстырып, әр бұйымның астында шеберлердің аты-тегі жазылуы. Бұл бұған дейінгі ауылдық округтердің мәдениет күндерінде болмаған. Ойылдықтардың көрікті көрмесі одан әрі көңілді кешке ұласты. Жергілікті бишілердің қазақ биімен ашылған концертті Аман Жаймағанбетов «Арнаумен» жалғастырып, одан соң халық әндері мен термелердің ән шеруі болды. Әсіресе, Бекет Махмутов пен «Әжелер» ансамблінің «Беу, айдай», «Тойбазар» әндері көпшілік көңілінен шықты. Сондай-ақ, Нұргүл Бисенова мен Айсезім Жұмалының қызы мен анасы болып орындаған «Тұсау кесу» әні, Жеміс Қонарованың «Атасы жақсы» термесі, Мейрамгүл Жаманқұл орындаған «Астана аспаны» әні, «Айзере» бишілер тобының «Украин» биі де алқалы көрерменнің қошеметіне ие болды. Концерт соңында трионың орындаған «Қазақстан» әні кештің нүктесін қойды. Бір сөзбен айтқанда мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті. Кеш соңында от шашу атылып, ойылдықтардың мәртебесін биіктете түсті.
Жәрмеңкеде нан өнімдері
Елорданың еңселі тойына орай өтіп жатқан мәдениет күндерін 21 маусым күні Мұқыр ауылдық округі жалғады. «Арыс» сауда орталығындағы мұқырлықтардың жәрмеңкесіне де халық көптеп жиналды. Халық әсіресе, «Тәтті әлем» наубайханасының нан өнімдерінен дәм татып, тоқаштар мен дәмі тіл үйірер тәттілерді сатып алды. Ал, сауда орталығының сыртында мұқырлық «Сарқұмақ» шаруа қожалығы бағландарды сатып тұрды. Бағалары он бес мыңның шамасында екен. Бағасына сапасы сай тауарлар сатылған жәрмеңке түске таман аяқталып, мәдениет күндері кешкілік «Жастар» паркінде қолөнер шеберлерінің көрмесіне ұласты. Мұнда да көрмені тамашалаушыларға қазақы дәстүрмен шұбат пен бауырсақ ұсынылды. Көзді арбар көрмеден соң мұқырлық өнерпаздардың мерекелік концерті басталды. Жергілікті әншілер Гүлбану Асқарқызы мен Гүлайкөркем Ибрахимқызының «Астана» әнімен ашылған концерт Ғарифолла Төлеуовтің орындаған «Айқаракөз» әнімен жалғасын тапты. Сол сияқты «Әжелер» ансамблі, Серікболсын Меңдібай, Бақтыбай Досбосын сынды өнерпаздар да концерттің көркін аша түсті. Мерекелік концерттің мәні мен сәні Есенғалиевтар отбасылық ансамблі болды. Ән айтып, би билеп, күйді де нақышына келтіре орындаған отбасы мүшелері өрелі өнерімен халықтың ыстық ықыласына бөленді. Алайда, мұқырлықтардың бір кемшілігі Астана туралы әндердің аздығы болды. Концерттің басында және соңғы жағында ғана тақырыпқа сай бір-бір әннен шырқалып, қалғаны патриоттық бағыттағы ән мен би болды. Кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен жабылып, от шашу атылды.
Сағыздықтардың сазды сәлемі
Аудан орталығында өтіп жатқан «Елімнің жүрегі – Астана» атты ауылдық округтердің мәдениет күндерін қасиетті жұма күні Сағыз ауылдық округі жалғады. «Арыс» сауда орталығындағы жәрмеңкеге сағыздықтар құрт, қаймақ, шұбаттан бөлек жеміс-жидек пен көкөністерді де ала келіпті. Осылайша, сағыздықтар бақша өнімдерін жәрмеңкеге алып келген алғашқы округ болды. Ал, кешкілік «Жастар» паркінде қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Кез-келген шараның шырайын кіргізетін сағыздық ағайын көрмеге де біраз дүниелер алып келіпті. Әсіресе, оқушылардың жасаған дүниелері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Көрмеге көңілі тойған миялылық тұрғындар одан соң сағыздық өнерпаздардың мерекелік концертін тамашалады. Ұлт аспаптар оркестрінің «Ыңғайкөк», «Қолбасшы» күйлерімен басталған концертті Ғафура Жанбосынова мен Бақтыгүл Мұқанова «Астана» әнімен жалғады.
Сонымен қатар, Мәншүк Мерғалиева, Айару Кенжебай, Асылбек Әйтіш, Бақыт Әлібаева, «Қазына» би тобы да әсем ән, мың бұралған биімен кештің сәнін аша түсті. Сол сияқты Әбдіғапар Темірхановтың «Күзгі элегиясы» және Әлия Мекебаева мен Гүлдана Әжіханның күй тартыстары концерттің шырайын кіргізді. Шараны Ғафура Жанбосынова «Жасай бер, қазақ елі» әнімен түйіндеді. Бір әттеген-айы сағыздықтар да Мұқыр ауылдық округі сияқты Астана туралы әндерді орындауға немқұрайлы қарапты. Себебі, кеш барысында тақырыпқа сай тек бір ғана ән шырқалды. Еңселі Елорданың сәні мен салтанатын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шарада тақырыпқа сай әндер көп болғанда концерт бұдан да жоғары деңгейде өтер ме еді?!
Дулат Мәтжан.