Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ән мен жырға арқау болған Астана

Астана қаласының 20 жылдығына орай, «Елімнің жүрегі – Астана» атты ауылдық округтердің мәдениет күнін 12 маусым күні Жамбыл ауылдық округі жалғастырды.

Жамбылдықтар мәдениет күнін «Арыс» сауда орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен бастады. Жергілікті кәсіпкерлер жәрмеңкеге қаймақ, сары май, құрт, шұбат сынды сүт өнімдерімен қатар басқа да тұрмысқа қажетті азық-түліктер және қой малын әкеліп саудалады. Бұл өнімдерді аудан орталығының халқы сатып алып, әп-сәтте өтіп кетіп жатты. Мәдениет күндері кешкілік «Жастар» паркінде қолөнер шеберлерінің көрмесі және мерекелік концертпен жалғасын тапты. «Халық мұрасы – ата-салт пен ұлттық дәстүр» атты көрмені аудан әкімі Арман Баженов бастаған аудан басшылары мен қазылар алқасы аралап, тамашалады. Айта кетейік, жамбылдықтардың көрмесі өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Күнделікті көрсетіліп жүрген құрақ көрпе мен кестеленген суреттен басқа келі мен келсап, самаурын, шоқаяқ, диірмен сынды қазақы бұйымдар да көрменің сәнін аша түскен. Округтің тыныс-тіршілігінен хабар беретін ақпараттық тақта да жамбылдықтардың дайындықпен келгенін көрсетті. Көрікті көрмеден соң жамбылдықтардың жан жадыратар мерекелік концерті басталды. Концертті ұлттық нақышта киінген әжелер шашу шашып бастады. Содан кейін, жергілікті өнерпаздар әсем ән мен тәтті күйден төгілтті. Концертті Раш Шмихова «Жас қала – Астана» әнімен ашса, Миялы балалар өнер мектебінің Қаракөл ауылындағы филиалы оқушылары «Адай» күйін тартып, құлақ құрышын қандырды. Есен Құрмашевтың орындаған «Тәуелсіздік толғауы» мен «Ақ әжелер» ансамбілінің «Сәулем-ай», «Әгугай» әндері де шара шырайын кіргізді. Қысқасы өнердің барлық түрін сахнаға алып шыққан бұл концерт өзгелерден ерекше болды. Алайда, тақырыпқа сай Астана туралы әндер аз болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, шара барысында концерт тамашалауға келген балаларға балмұздақ, ораза ұстағандарға ауызашар беруі көпшіліктің көңілінен шықты. Кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланып, жиналғандарға мерекелік көңіл күй қалыптастырды.

Көрме көңіл көншітпеді

Ал, келесі күні аудан халқы Тасшағыл ауылдық округінің мәдени күнін тамашалады. «Арыс» сауда орталығындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде тасшағылдықтар ет, сүт өнімдерін әкеліп, жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағада сатты. Осы орайда, айта кетейік барлық ауылдық округтердің жәрмеңкесі бір сарында өтіп жатыр. Бағалары да, әкелген тауарлары да бірдей. Мәдениет күндері әр округтің бет-бейнесін көрсететін мәні зор шара болғандықтан жәрмеңке болсын, қолөнер көрмесі болсын өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсуі керек еді. Кешкілік «Жастар» паркіне жиналған ауыл халқы тасшағылдықтардың мәдениет күндерін көрме тамашалаумен бастады. Алайда, әкелген көрме көңілден шықпады. Тоқыма бұйымдар мен кестелі орамалдардан басқа ештеңе көре алмадық. Жергілікті күйші Құралбек Жұмаев жетекшілік ететін «Бәйтік толқыны» ансамблінің орындауындағы «Әлқисса» күйімен ашылған мерекелік концерт одан әрі Ақжүніс Әзидолланың орындауындағы «Айқаракөз», «Шыңдағы шынарым-ай» әндерімен жалғасын тапты. Сондай-ақ, аталмыш концертте Эльвира Нұрғалиева «Ару қалам – Астанам», Бибігүл Оразғалиева «Менің қазағым», Аманбек Таспанов «Жайна әсем – Астана» әндерін тамылжыта орындаса, «Жібек» бишілер тобы қазақ биін мың бұрала билеп, өнерлерін ортаға салды. Ал, Қожахметовтер отбасылық ансамблі мүшелерінің «Әке тілегі» әні көпшілікті тәнті етті. Бұл ретте тасшағылдықтар Астана туралы әндердің көптігімен ерекшеленді. Кеш соңында ауыз бекіткен ағайынға ауызашар дәмі ұсынылып, концерт Бекболат Жайымовтың «Гүл жайнаған – Астана» әнімен тәмамдалды.

Әні мен биі жарасқан

Астананың 20 жылдығана орай өтіп жатқан мәдениет күндерінің эстафетасын өткен аптаның бейсенбісі күні Көздіғара ауылдық округі жалғады. «Арыс» сауда орталығында болған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде әдеттегідей құрт, қаймақ, шұбат, тарыдан басқа ерекше өнімдер көзге түспеді. Есесіне көздіғаралықтардың қолөнер көрмесі көпшілікке ұнады. Оқушылардың салған сурет, тоқыған бұйымдарынан бөлек қолдан тігілген қыздардың бешпет, комзолдары көрермендердің қызығушылығын тудырды. Жинақы әрі әр алуандығымен ерекшеленген көрме расымен де үлгі етерліктей. Мерекелік концерт жергілікті оркестрдің орындауындағы Құрманғазының «Саранжап» және «Балбырауын» күйімен ашылып, одан әрі Ұлан Жәкенов «Қаламқас» әнімен көркемдеді. «Гүлфарида» бишілер тобы «Табиғат көрінісі» биін мың бұрала билесе, жас әнші Дамира Асан «Қазақтың қызымын» әнімен шара шырайын кіргізе түсті. Сонымен қатар, ауданға белгілі Қарабалиндер халықтық отбасылық ансамблі де сахна төріне шығып, өз өнерлерімен жиналғандарды тәнті етті. Алайда, әні мен күйі жарасқан көздіғаралықтарда тақырыпқа сай әндердің аздығы көңіл қынжылтты. Арайлы Астананың кемел келбетін суреттейтін әсем әндер көп болғанымен көздіғаралық өнерпаздар ұмыт қалдырғандай. Біздің көрген-түйгеніміз осы болды. Қалғанын қазылар сараптай жатар.

Тазалықты сақтау да мәдениеттілік

Маусым айының басынан бері өтіп жатқан ауылдық округтердің мәдениет күндері концертті тамашалауға келген көрермендердің де «мәдениетін» көрсетіп жатқандай. Себебі, әр концерттен соң «Жастар» паркінің іші балмұздақ қабығы, шағылған пісте, босаған сусынның ыдыстарына толып қалады. Арнайы қоқыс тастайтын орындар болса да оған өздері барып салып жатқан адамдарды көрмедік. Мұндай көрініске өткен айда болған «Елге сәлем» фестивалі кезінде де куә болған едік. Өткенде босаған сусынның ыдысын жерге лақтырып жатқан бір көрерменге арнайы қоқыс салатын орынға апару туралы айтқанымызда «Бәрі де тастап жатыр ғой, соларға неге айтпайсың?» деп өзімізге дүрсе қоя берді. Осыдан-ақ, көпшіліктің сана-сезімінің қандай дәрежеде екенін байқауға болады. Тым болмаса, алыстан ат арытып келіп, жергілікті тұрғындарға концерт қойып жатқан өзге ауылдық округтерді сыйласақ етті. Қорыта айтқанда, тазалық табалдырықтан басталатынын естен шығармаған жөн. Мәдениет күндері барысында тек көңіл емес мәдениетімізді де көтеріп, өзгеге үлгі болайық, ағайын.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT