Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Фестиваль шымылдығы жабылды

Елорданың 20 жылдығына орай «Елімнің жүрегі – Астана» атты ауылдық округтердің мәдениет күнін өткен аптаның сәрсенбісі күні Миялы ауылдық округі қорытындылады.

 

 

Алдымен миялылықтар кестеге сәйкес, аудан орталығындағы «Арыс» сауда орталығында ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізді. Онда ауыл кәсіпкерлері көкөніс, жеміс-жидектерді арзан бағада халыққа ұсынса, ауыл тұрғындары балық өнімін саттыққа шығарды. Түске дейін жалғасқан жәрмеңкеден аудан тұрғындары қолжетімді бағада өзіне қажеттісін тез арада сатып алды. Сондай-ақ, бұл  ауылшаруашылық жәрмеңкесі алдағы уақытта да жалғасын тауып, әр аптаның сенбісі күні «Арыс» сауда орталығында өтіп тұрады. Бұл игі шара күз мезгіліне дейін жалғаспақ.

Көрмеде бүлдіршіндер туындысы

Ал, шара кешкісін «Жастар» паркінде қолөнер шеберлерінің көрмесімен жалғасты. Онда «Жасұлан» балабақшасының бүлдіршіндері мен Миялы балалар өнер мектебінің оқушыларының қолөнер туындылары қойылыпты. Бала қиялға ерік берген балабақша бүлдіршіндері Астананың символы Бәйтеректі, Ханшатыр мен Пирамиданы әсем бейнелесе,  өнер мектебінің өнерлі оқушылары түрлі қалдықтарды пайдаға жаратқан. Көрмеден көргеніміз осы болды. Ал, аудан орталығында тұратын тігіншілер мен қолөнер шеберлерінің төл туындылары, басқа да ауыл бейнесін айшықтайтын дүниелерді көре алмағанымыз көңілге кірбің ұялатты.

 

«Ардагерлер» ансамблі ән салды

Көрме одан әрі көңілді кешке ұласып, көрермендерге әсерлі кеш сыйлады. Өнерпаздар әсем ән шырқап, би билеп көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйласа, жиналған халықтың қошеметі де зор болды. Айталық, алдымен «Ойыл аруы» бишілер тобы «Қазақ» биімен кеш шымылдығын ашып, Стоммалар отбасы «Астана кеші» әнін, «Сырнайшылар» триосы «Карабинки» әнін орындады. Бұл кештің басты ерекешелігі – «Ардагерлер» ансамблінің ән шырқауы болса, «Ақ әжелер» ансамблі, «Арман» триосы, «Нұр-Шуақ» квартеті әсем әндерді орындады. Содан соң «Ойыл әуендері» вокальды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен жеке орындауда жанды дауыста шырқалған әндер де көрермендердің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, Қалидолла Ізекеннің «Алтын бесік» әнінің тұсауы кесіліп, «Жігер» домбырашылар ансамблі «Талас», «Көроғұлы» күйлерін күмбірлетті. Алайда, басқа ауылдық округтер секілді концерт барысында Астана туралы бір ән шырқалып, қалғаны патриоттық бағыттағы әндер болды. Бұл кемшілік фестиваль аясында барлық округте қайталанып, жазылған сыннан сабақ алмағанына қайран қалдық. Ал,  кеш соңында ауыл жастары флешмоб билеп, «Атамекен» әнімен аяқталған шарада көк туымыз желбіреп рухымызды асқақтатты.

 

Гүлмира Тілегенова.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT