Өткен аптаның жұмасы күні «Арман» мәдениет үйінде «Өнерімен өркендеген Қызылқоға» атты мекемеаралық концерт жалғасын тапты. Бұл жолы көрермендер «Жасұлан» балабақшасы, аудандық «Қазсушар» мен «Қазтрансгазаймақ» ұжымдарының өнерін тамашалады.
Ауданның тарихы туралы бейнебаян көрсетілімінен кейін кезінде аталмыш мекемелерде қызмет жасап, бүгінгі күні мерейлі 75 жасқа толып отырған аудан тұрғындары Сағима Есқалиева мен Сәнтай Жөкесоваға сый-сияпат жасалды.
Ал, концерттік бағдарлама балабақша бишілерінің «Шашу» биімен басталып, одан әрі жергілікті сазгерлердің «Топырағыңнан айналдым – Қызылқоғам», «Туған жер», «Мекенім – Миялы», «Туған жер– Тайсойған», «Достық лебіз», «Мөлдірім», «Туған өлкем – Қызылқоғам», «Сағындым сәулешім», «Арман» әндері орындалды. Сондай-ақ, көрермендер ұжым қызметкерлерінің орындауындағы «Су тасушы», «Сауын-шылар» билерін тамашалап, «Қызылқоғам» өлеңін тыңдады. Викториналық сауалдарға жауап бергендер естелік сыйлықтарға ие болды. Сөйтіп, бірі бүлдіршіндерді тәрбиелеп, бірі халықты ауызсумен және көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған мекеме қызметкерлері өнерден де құр алақан еместігін көрсетті. Ауданның мерейлі жылы құрметіне ауыл халқына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған ұжымдар қошеметке бөленді.
Бауыржан САҚТАСИНОВ