«Арман» мәдениет үйінде ауданның құрылғанына 75 жыл толу мерейтойына арналған «Өнерімен өркендеген Қызылқоға» атты мекеме-аралық фестивалінің шымылдығы ашылды.
Аудандық білім беру бөлімі әдістемелік орталығының қызметкерлері мен Б.Аманшин атындағы орта мектебінің ұстаздары қатысқан концертте қызметкерлер жекелей, дуэтпен, хормен жергілікті композиторлардың әндерін тамылжыта орындап, мың бұрала би биледі. Сонымен қоса, қос шанақтан күмбірлеген күй төгілдіріп, патриоттық сезімді оятар өршіл қара өлең жолдарын оқыды. Бұдан соң, көрермендерге қазақ әдебиетіне байланысты түрлі сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс етілді. Сөйтіп, кәсіби өнерпаз болмаса да, аудан тұрғындарын түрлі өнерлерімен тәнті қылған мекеме қызметкерлері дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленді.
Нұрәділ ЕЛАМАН