Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өнерлінің өрісі кең

Қараша айының басында аудандық әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен «Қосымша білім беру педагогінің шығармашылығы» атты облыстық форум өтті.

Оған Миялы өнер мектебі, А.Өміров атындағы балалар саз мектебі, Қоныстану балалар өнер мектебі ұжымы қатысып, өздерінің шығармашылық жұмыстарымен таныстырды. Форумға қатысушы қонақтар алдымен «Арман» мәдениет үйінің дәлізінде аталмыш мектеп ұжымдарының ұстаздары мен оқушыларының қолдарымен жасалған қолөнер туындыларын тамашалады.

Бұдан кейін А.Өміров атындағы балалар саз мектебінің домбыра аспабы мұғалімі Салтанат Аяғанова, жоғары санатты би мұғалімі Рысбике Ізбасова шығармашылық жұмыстарын форумға қатысушылардың назарына ұсынды. Атап айтқанда, Салтанат Аяғанова шәкірттерінен құралған домбыра ансамблімен А.Жұбановтың «Қарлығаш» әнін орындаса, Рысбике Ізбасова республикалық, халықаралық сайыстардың І дәрежелі лауреаттары Айғаным, Айару Кенжебаймен «Испан биін» биледі. Сондай-ақ, мектеп мұғалімі Мейрамгүл Рысқалиева шәкірті Ақтолқын Жайлауқызымен деко қостауында «Елік-ай» әнін, вокал сыныбының оқушысы Камила Сәлімжанқызы «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін, аталмыш мектеппен тығыз байланыс жасап жүрген Темірхан Байешовтың отбасы халық әні «Әгугай, домбыра» әнін нақышына келтіре орындады.

Ал, Қоныстану балалар өнер мектебінің құрылу тарихы таныстырылған соң сәндік қолданбалы өнер сыныбының бірінші санатты мұғалімі Алтынай Жалжанова мен шәкірттерінің өз қолдарымен тіккен ұлттық киімдері көрсетіліп, дәстүрлі халық әні сыныбының бірінші санатты мұғалімдері Ұлан Жакенов пен Жарқынай Мұқашеваның, сырнай сыныбының жоғары санатты мұғалімі Әйгерім Лесованың, домбыра сыныбының жоғары санатты мұғалімі Сәуле Сисенованың шығармашылық жұмыстары көрермендерге ұсынылды. Яғни, Ұлан Жакеновтің шәкірті Мирас Болаттың орындауындағы Ғ.Құрманғалиевтің әні «Оралымды», Әйгерім Лесова шәкірттері Аманжол Бақберген мен Қайыржан Дәулетпен бірге орындаған украина халық әні «Ехал казак за Дунайды», Жарқынай Мұқашева шәкіртері Әділбек Кәрім мен Өркен Сәкенұлы ұсынған халық әні «Гүлдариғаны», Сәуле Сисенова шәкірттерімен бірге күмбірлеткен Құрманғазының «Адай» күйін жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдады.

Сондай-ақ, шара барысында көрермендер Миялы өнер мектебінде домбыра аспабының мұғалімі Дина Төремұратованың, сәндік қолданбалы өнер сыныбының мұғалімі Ажар Талғатқызының шығармашылық жұмыстарымен танысып, шағын концерттік бағдарламаларын тыңдады. Форум соңында облыстық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Зина Кереева сөз сөйлеп, Қоныстану өнер мектебінің мұғалімі Маргарита Гумарованы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Алғысымен, Сәуле Сисенова мен Салтанат Аяғанованы облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, аудандық әдістемелік орталықтың меңгерушісі Қайсар Жарылғағанов форумға белсенділікпен қатысқан бір топ ұстаздар мен мектеп ұжымына, Темірхан Байешовтың отбасына аудандық білім бөлімінің алғыс хатын табыс етті.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT