Қазақ эстрадасына өзіндік қолтаңбасымен келіп, талайдың жүрегін жаулап алған топтардың бірі де, бірегейі – Нұрлан мен Мұрат тобы.
«Шашы ұзын қыз», «Жаулап алды махаббат», «Ләйлә» сынды әндерімен талғампаз көрерменнің көңіл төрінен орын алған бұл топ жақында ауданымызға гастрольдік сапармен келіп, «Арман» мәдениет үйінде шығармашалық концертін қойды. Топтың құрылғанына 20 жыл толу мерейтойына орай еліміздің барлық өңірін аралап жүрген Нұрлан мен Мұраттың бұл жолғы концерті ерекше болды. Бұрын тек сахнада секіріп билеп, эстрада жанрында өлең айтатын бұл жігіттер бұл жолы домбыра мен гитарада ән салып, жұртшылыққа жаңаша қырынан көріне білді. Сондай-ақ, аталмыш концертте арттарынан ерген ізбасарлары Қуаныш Шакиров пен Ильяс Бөлекбай да өнер көрсетіп, аудан халқының қошеметіне бөленді. Осы орайда, жиырма жылдық есеп беру кешін жасап жатқан қос әншіден сахна сыртында сұхбат алып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Қасиетті Рамазан айында ауданымызға қош келдіңіздер. Жиырма жылдық мерейтой құтты болсын. Алдымен топтың тарихымен таныстырып өтсеңіздер. Нұрлан мен Мұрат қалай құрылды?
– Нұрлан: Рақмет. Қош көрдік. Жалпы әр адам өткен ізіне қарап, «Не тындырдым, не бітірдім?» деп есеп беріп жүруі керек қой. Сол мақсатта бүгін қасиетті Қызылқоға өңіріне аяқ басып, өзіміздің жиырма жылдық есеп беру кешімізді бергенді жөн көрдік. Бұған дейін Қарағанды, Маңғыстау облыстарында болып, концерт беріп, бүгін Атырау облысына арнаған сапарымызды осы ауданнан бастап отырмыз. Топтың тарихына келер болсақ біз негізі өнерді үш жігіт болып бастадық. Мен, Мұрат және Нұрдәулет деген жігіт болды. Ол кезде Ақтауда болдық. Сол киелі Маңғыстау өңірінен тұсауымызды кесіп, кейіннен Нұрдәулет жеке жұмыстарымен топтан шығып кетті. Сосын Мұрат екеуміз жал-ғастырдық.
Мұрат: Біз өнердің баспалдағын 1996 жылы бастық. Жаңа Нұрекең айтқандай үш жігіттен басталған топ кейіннен екеу қалдық. Ал, үл-кен сахнаға шыққанымыз 1998 жыл болды. Ол кезде «Тамаша» әзіл-сықақ театрының дәурені жүріп тұрғаны белгілі. Оның концертінде ән айту кез келген әншіге бұйыра бермейтін. Біз үлкен сахнадағы қадамымызды «Тамашаның» жиырма жыл жылдық мерейтойынан бастадық. Содан бері өнер жолындамыз. Бірнеше ән шықты, клип түсірдік. Телебағдарламалардың жұлдызы болдық. Сөйтіп халық санасында «Нұрлан мен Мұрат» болып қалыптастық. Бүгін міне соған жиырма жыл толып отыр екен. Соған орай, бізді осындай дәрежеге жеткізген халықтың алдына шығып есеп бергенді жөн көрдік.
– Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ эстрадасына жаңалық әкеліп, жарқ еткен жұлдыздардың бірі сіздер. Алайда, көп ұзамай дуэт тарап кетті. Енді міне топты қайтадан қолға алып жатырсыздар. Бұған не себеп?
– Нұрлан: Бұл жерде бір нәрсенің басын ашып алу керек. Біз үлкен сахнада 2008 жылға дейін болып, кейіннен мен Астанадан өзім туып-өскен Атырауыма көштім. Соған байланысты топ уақытша жұмысын тоқтатты. Сол кезде ел арасында «Нұрлан мен Мұрат ренжісіп қалыпты, ақша бөлісе алмай тарап кетіпті» деген әңгімелер желдей есті. Мүлде олай емес. Мен жеке шаруамен кеттім, Мұрат өнер жолында қала берді. Бірақ, сыйластығымыз бен бауырмалдығымыз сол күйінде қалды. Кейіннен бізді халық іздей бастады. Көшеден көріп қалған таныстар «Сендердің әндерің жақсы еді, көңілді. Неге қайта шықпайсыңдар?» деп сұрап жүрді. Осылайша халық қайта-қайта іздеп, қолқалағасын былтырғы жылдан бастап топтың жұмысын қайта қолға алдық. Қысқасы бізді қайта табыстырған өнерсүйер көрермен. Жалпы кез келген топ болсын, өнер адамы болсын оның өміршеңдігі халықтың ықылас-пейілінде екен. Үлкен сахнаға қайта оралғанда соны түсіндім.
Мұрат: Өнер адамында шығар-машылық «каникул» немесе демалыс дейтін болады. 2008 жылы Нұрекең Атырауға көшкенде өнердегі тілеулес достары солай қабылдадық. Біздің арамызда ұрыс-керіс, жанжал болған емес. Барлығы да саналы, салихалы түр-де болды. Нұрлан ағамыз кеткенде мен Лұқпан Жолдасовпен бірге «Каспий» тобын құрып, сонда өнер көрсете бастадым. Бірақ, бәрібір сахнаға шыққан сайын халық «Нұрлан қайда, қашан сахнаға бірге шығасыңдар?» деп сұрап жүрді. Күндердің күнінде «Нұрлан мен Мұрат» тобы қайта сахнаға оралатынына іштей сеніп жүрдім. Аллаға шүкір, топтың жұмысын былтырдан бастап қолға алып, үлкен істерді бастап кеттік. Аллаға шүкір халық жақсы қабылдап жатыр.
– Бұрын даусы барлар ән айтса, қазір аузы барлардың бәрі ән айтатын болып алды. Бүгінде тас лақтырсаң әншіге тиетін заман болды. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап кеткен әншілерге көзқарастарыңыз қандай?
– Нұрлан: Айтуыңыз орынды. Қазір «әу» дегеннің бәрі әнші болып кеткен заман. Қазақ эстрадасына қайта оралғанымда соны байқадым. Қазір тіпті сахнаға кішкентай балаларға дейін шығып кетті. Ол баланың сабағы қайда, тәрбиесі қайда? Одан қалды әлгі МС Сайлаубек деген шықты. Міне, осылар сахнаның сәнін кетіріп жатыр. Қазіргі әншілер жұрттың санасына жеңіл әуендерді құйып тастады. Әннің естісі қайсы, ессізі қайсы айыра алмайтын халге жет-тік. Содан кейін сахнаға шығуға ұяласың. Тіпті атын білмейтін, түрін танымайтын адамдардың өзі «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», «Мәдениет қайраткері» атағын алып алған. Бұрын мұндай атақты алу үшін саналы ғұмырын сахнада сарп етуші еді. Ал, қазір бәрі оп-оңай. Бұлардың бәрін жолға қойып, бір ізге түсіру үшін мәдениет министрлігі тарапынан үлкен жұмыстар жасалуы тиіс. Сахнаға, үлкен концерттерге шығатын әншілерді сараптап, әнінің мәтініне үңіліп дұрыс талдау жасау керек. Сонда ғана қазақ эстрадасы дұрысталады.
Мұрат: Қазіргі қазақ эстрадасында болып жатқан оқиғалар расымен де ойландырмай қоймайды. Сахна мәдениеті былай тұрсын үстіне не болса соны киіп ән айта беретіндер көбейген. Бұрын біз сахнаға шығарда алдыңғы толқын ағалардың алдынан өтіп, бағыт-бағдар сұрайтынбыз. Ән айтып болғаннан кейін «Қалай айттым, киімім дұрыс болды ма, қалай бағалайсыз?» деп сұрап, сындарын қабылдап, қатемізді дұрыстайтынбыз. Ал, бүгінгі жас әншілер тіптен еркін кеткен. Алайда, сахнада жүрген жастардың бәрін бірдей жамандай беруге болмайды. Өнердің барлық баспалдағынан өтіп, үлкендердің батасын алып барып, сахнаға шыққан жастар да бар. Солардың бірі бүгін алдарыңызда өнер көрсеткен Қуаныш Шакриов пен Нұрлан ағамыздың баласы Ильяс Бөлекбай. Бұлар өнердің оқуын оқып, түрлі байқауларға қатысып, бір сүрініп, бір құлап барып үлкен сахнаға шыққандар. Осындай жастарға қазақ сахнасын сеніп тапсыруға болады.
– Нұрлан мен Мұрат тобының болашағын қалай елестетесіздер, алға қойған мақсаттарыңыз қандай?
– Нұрлан: Баяғыда бір данышпан «Құдайды күлдіргің келсе болашақ жоспарыңды айт» депті ғой. Сол сияқты біздің болашағымыз бәрі Алланың қолында. Керемет деп жоспар құрып қойғанда аяқасты бірдеңеге ұшырап қалсақ бәрі де күл-талқан болады. Сондықтан, «биыл бүйтем, келесі жылы сөйтем» деп асылық айтпай-ақ қояйық. Бәрі де өз жөнімен бола жатар. Үлкен сахнаға оралғалы «Айна» деген әнге бейнеклип түсірдік. Жаңа әндер жазуда ойда бар. Алайда, қанша жерден жаңа ән жазып, хит қылып шығарамыз десек те халық бізден «Ләйлә», «Шашы ұзын қыз», «Жаулап алды махаббат» әндерін күтіп тұрады. Жаңа әннің кең таралуы қиын. Мысалы, «Досмұқасан» тобын «Той жырынан» басқа әнмен шықса халық қабылдамайды. Біз де сол сияқтымыз. Негізгі жоспар сол жиырма жылдық концертімізбен бүкіл елімізді аралап, абыроймен өткізу.
– Қасиетті Қызылқоға өңірі өнерді бағалап, қадірлейтін аудандардың бірі. Бүгінгі сапарларыңыз бен концерттен алған әсерлеріңіз жайлы айтсаңыздар...
– Нұрлан: Бүгінгі алған әсер тамаша. Қызылқоға ауданына осымен екінші мәрте келіп отырмыз. Былтыр Сағызда жиырма жылдық түлектердің шақыртуымен концерт қойсақ, бүгін аудан орталығына келіп, кеш беріп отырмыз. Маған ұнаған ең бірінші нәрсе – ауасы. Қаланың қалың түтінінен шаршағанда келіп, демалатын жер екен. Мұрат: Қазақы қаймағы бұзылмаған аудан болғасын ба маған ерекше ұнады. Құрметі мен қошеметінің өзі адамға ерекше шабыт сыйлады. Адамдары өзім туып-өскен Маңғыстау халқы сияқты. Пейілдері ақ, көңілдері пәк. Талай таланттарды тудыр-ған құт мекен болғасын ба өнерді жоғары бағалайды екен. Аудандарыңыз көркейіп өсе берсін. Бұйырса әлі талай келеміз деген сенімдемін. – Салихалы сұхбаттарыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан, Дулат Ғұбайдуллин.