Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Елімнің жүрегі – Астана. Дәстүрлі шара осылай аталды

Жылма-жыл аудан көлемінде округ күндерін атап өту дәстүрлі түрде қолға алынғаны белгілі.

Ондағы мақсат – ауыл өмірінің келешегін, өнерін, мәдениетін, экономикасын ақпараттық насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа жеткізу, дәріптеу. Ал, биылғы жылы дәстүрлі шараның тақырыбы елорданың 20 жылдығына орай «Елімнің жүрегі – Астана» деп аталды.

Әжелдердің әсем әні

Осы орайда, ауылдық округ күндері фестивалінің шымылдығын Жангелдин ауылдық округі ашты. Алдымен «Арыс» сауда орталығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған қаймақ, тары, талқан, сары май, шұбат, ешкінің сүті тағы басқа өнімдер қойылды. Кешкілік орталық саябақта ауылдық округтің қолөнер көрмесі өтіп, көрмеге Миялы орта мектебінен Кенжемұрат Сәтжанұлы, Жанар Аязбаева, Дильназ Шамилова, Мөлдір Еркінова мен «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының тәрбиешілері төл туындыларын қойды. Ондағы қолөнер шеберлерінің әр жұмысы көрермен қызығушылығын туғызып, ерекше ықыласпен тамашалады. Одан әрі шара аталмыш округтің көркемөнерпаздарының концертіне ұласып, сахна шымылдығын Хайролла Мәдиев «Арман қала – Астана» әнімен ашты. Одан соң лед экраннан елорда туралы бейнебаян көрсетіліп, Жангелдин мәдениет үйі жанындағы халықтық «Асыл әжелер» ансамблі «Туған ел», «Тобылғы сай» әндерін тамылжыта шырқаса, «Жайлау тынысы» вокалды аспаптар ансамблінің сүймелдеуімен әсем әндер әуеледі. Сондай-ақ, «Жұлдыз-ай», «Іңкәр-ай» бишілер тобы мың бұрала би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Тайсойғанның тамаша тартуы

Ал, екінші күні Тайсойған ауылдық округі аудан орталығын думанға бөлеп, дәстүрлі шараны одан әрі жалғады. Онда алдымен сөз алған округ әкімі Әділет Шаймарданов:

– Бұл шара аудан көлемінде жыл сайын өткізіліп келеді. Негізі мұндай шараның жиі өткізіліп тұруы округтердің бір-бірімен тығыз байланыста болуын, қолөнер шеберлерінің туындыларын көпшілікке таныстыруға ықпалын тигізеді. Биылғы жылғы шара Астана қаласының 20 жылдығымен байланыстырылып отыр. Бүгінгі кеште сіздер үшін әсем әуен шырқалып, күмбірлеген күй ойнап, мың бұралған бишілер өнерін көрсетеді, –деді. Одан әрі Шалабай Абзалұлы «Бабалар рухы» әнін, Оралхан Тәжібаев «Ұлы Астана» әндерін шырқап, Арыстанбек Өтемісұлы «Көроғлы» күйін шертсе, Жұмахметовтар отбасылық ансамблі «Алтын бесік» әнін әуелете орындады. Сол секілді, бишілер тобы әр ұлт өкілдерінің биін билесе, ұйымдастырушылар көрерменге ақтан ауыз тигізіп, ұлттық тағамдарды ұсынды.

Қолөнершілер туындысы көпке ұнады

Фестивальдің үшінші күнін Қызылқоға ауылдық округі жалғастырды. Бірақ, бұл күнгі шара уақытынан кеш басталды. Десек те, кешкілік ауыл тұрғындары орталық алаңға қарай бет алып, жақсыны көрмекке асықты. Яғни, көрмеге қойылған қолөнер шеберлерінің туындылары көрерменді қызықтырмай қоймады. Ондағы Миялы өнер мектебінің жанынан ашылған үйірме оқушыларының әр дүниесі шебер жасалған. Айталық, қылқаламмен салынған Астананың келбеті, табиғат сұлулығы одан бөлек қалдықтарды кәдеге жарата білген әдемі дүниелер мен қоса мектеп мұғалімі Мейрамгүл Хасанованың өз жұмыстары да бар. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Нұрзила Жұмағали құрақ көрпенің әр түрін, жастықшалар мен қоса басқа да қолынан тіккен туындыларын әкеліпті. Ұзақ жылдар есеп-қисаптың жілігін шағып, майын ішкен, аудан экономикасын өркендетуге атсалысқан Нұрзила Жұмағали қазіргі уақытта зейнеткер. Бос уақытында құрақ көрпе тігіп, іс машинасын жанына серік етіп келеді.

– Ауыл тұрғындарынан әзірге тапсырыс түсе қойған жоқ. Түсіп жатса тапсырысқа да тігемін, – дейді ол. Ауыл тұрғындары көрмедегі қолөнер шеберлерінің керемет дүниелерін бағалап болған соң, өнерпаздардың өнерін тамашалады. Алдымен сахна төріне «Астана – жас қала» әнімен Інжу Қуаныш шықса, Миялы өнер мектебінің жанынан ашылған үйір-менің ақындық сыныбының биылғы түлегі Нұржол Жақсылық «Ауылым – мақтанышым», Батыржан Кәдірбай Астанаға арналған өлеңдерін оқып берді. Сонымен қатар, қыздар ансамблі «Сәулем-ай», «Жайықтың толқындар» әндерін, Сағат Өміров Құрманғазының «Ілме» күйін, Асылхан Әлімсәлім халық күйі "Айжан қызды" шертсе, биші қыздар да бұл кеште құр алақан қалмай Жастар биін биледі. Ал, Жеңісовтер отбасылық ансамблі «Туған жерім! Земля моя» әнімен кешті аяқтады.

Гүлмира Мақсотқызы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521