Ауданымыз бойынша мәдениет саласында отбасылық ансамбльдердің шоқтығы биік. Соның ішінде, 1982 жылы құрылған Есенғалиевтар отбасылық ансамблі.
Оның негізін Ұлы Отан соғысының ардагері, «Құрмет белгісі» орденді ардагер-ұстаз Ғинаятолла Есенғалиев қалаған. Өзінің өнерін балаларына үйреткен ол дәстүрді жалғастыруды ұрпақтарына аманат етіп тапсырған. Алғаш рет ансамбль 1982 жылы Қазақстан кәсіподақтарының ХІІ съезі делегаттарына өнер көрсетіп, Қазақ Республикалық кәсіподақтар советінің Құрмет грамотасымен наградталды. Ал, 1983 жылы ансамбль Алматы қаласында творчестволық есепті концертін берді. Ансамбль Қазақ ССР Мәдениет басқармасында болып, ансамбль жетекшісі Ғинаятолла Есенғалиев Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің дипломымен марапатталды. Сондай-ақ, Ғинаятолла Есенғалиевтің бірнеше әндері бар. Айталық, Н.Құбашевтің сөзіне жазылған «Отаным» және «Жырлаймын сені» әндері бүгінгі күндері ән сахнасында шырқалып жүр. 1996 жылы дүние салған Ғ.Есенғалиевтің өнерін балалары мен немерелері жалғастырып, әке жолын қуып ұстаздықпен де айналысып жүр. Бұған қоса, жеткен жетістіктері де аз емес.
Атап айтсақ, Есенғалиевтар жанұялық ансамблі 2011 жылы Атырау қаласында өткен «Мөлдір бұлақ» үлгілі отбасылық ансамбльдердің облыстық байқауына қатысып, ІІ орынды иеленсе, 2014 жылы «Өнерлі өрге жүзер» атты отбасылық ансамбльдердің облыстық фестиваліне қатысып, жетістікке жетті. Ал, 2016 жылы аудандық «Шаңырақта шалқиды ән» атты отбасылық ансамбльдердің байқауында Есенғалиевтар отбасылық ансамблі бас жүлдені иемденсе, былтырғы жылы Атырау қаласында өткен «Отбасы – өмір аясы» атты отбасылық ансамбльдерінің облыстық фестиваліне қатысып, арнайы дипломдармен марапатталды. Бұған қоса, биылғы жылы Есенғалиевтар отбасы Ақтөбе қаласындағы «Өнерім – өрісім» аймақтық отбасылық ансамбльдердің байқауына қатысып, ІІІ орынды еншіледі.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.