«Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен осындай тақырыпта мүмкіндігі шектеулі балалар арасында аудандық фестиваль өтті.
Ерекше жандардың шеберлігін жетілдіру, еркіндігі мен еңбек сүйгіштігін арттыру, шығармашылық байланысты нығайту, әртүрлі мүмкіндіктерін қамтамасыз етудегі құқықтарын қалыптастыру, мәдени және рухани қолдау таныту мақсатында ұйымдастырылған шараға Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Жамбыл, Сағыз, Тасшағыл, Мұқыр, Миялы ауылдық округтерінен өнерлі балалар қатысты. Фестиваль шымылдығы «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Ойыл аруы» бишілер тобының қазақ биімен ашылған соң «Эстрадалық вокал», «Хореография» жанры бойынша әншілер Айгүл Өтепова (Жамбыл а/о.), Ақерке Түгелбай (Көздіғара а/о), Гүлімай Нұржанқызы (Сағыз а/о.) «Қос бәйтерек», «Ақерке» әндерін орындаса, Миялы ауылдық округінен қатысушы Исламбек Досболұлы мен Фатима Қалыбекқызы мәдениет үйінің әншілері Бисұлтан Қанатұлы және Мейрамгүл Болатқызымен бірге «Ямахау», «Аққұсым», «Балалық шақ» әндерін тамылжыта шырқады. Көздіғара ауылдық округінің өнерлі бүлдіршіні Аягөз Смағұл «До Ре Ми» биін, ал сағыздық Наз Сабыр жастар биін мың бұрала биледі. «Бейнелеу өнері» жанры бойынша ойылдық Заңғар Ғалымжанұлы, мұқырлық Бағытжан Сисенбай, тасшағылдық Әміржан Кенжебайұлы еркін тақырыпта қалам тербесе, Сағыз ауылдық округінен қатысушы Аружан Талғатқызы «Қыс мезгілі», Миялы ауылдық округінен қатысқан Ыбырай Юнус «Табиғат аясы» тақырыбында сурет салды. «Қолөнер» жанры бойынша Жангелдин ауылынан келген Амандық Жәрдемғали «Жаңа жылдық шырша», сағыздық Қайсар Амангелді «Менің сүйікті үйім», миялылық Әзиза Мақсот «Киіз үй» тақырыбында қолдан бұйымдар жасады. Жас суретшілер мен қолөнершілердің шебер қолдарынан шыққан туындылар мен қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Шара соңында «Арман» мәдениет үйінің басшысы Кенжебек Бисенбаев аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан дипломмен және естелік сыйлықпен марапаттады. Бауыржан САҚТАСИНОВ