Өзін жылқы мінезді санайтын қазақ халқы әуелбастан бәйге десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қойған.
Алайда, соңғы жылдары елімізге енген жаңа технология мен жаһанданудың салдарынан ұлттық болмысыз ұмытыла жаздаған еді. Соны жете түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жарияласа, кеше «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жаһанға жария етті. Соның ішінде маған қатты әсер еткені – «Атқа міну мәдениеті» атты бөлім. Бұл бөлімде Мемлекет басшысы жылқының ұлтымыз үшін алатын орны мен маңызына тоқтала келіп, атқа мінуді қайтадан қолға алу керектігін баса айтты. Бұл дер кезінде көтерілген бастама. Себебі, бүгінгі жас ұрпақтың ішінде атқа мінбек түгілі ат әбзелдерінің атауын білмейтіндер жетіп артылады. Кезінде баласын алты жастан ашамайға отырғызып, он жастан оқ атқызған бабаларымыз жылқы арқылы ұрпағын жауынгерлікке тәрбиелеген. Ал, жауынгер болып өскен бала есейгенде ұланғайыр атырапты жаудан қорғап, осынша жерді бізге аманаттап кетті. Мұның бәрі бабаларымыздың ат спортын дамытып, жылқының тектілігін бойына сіңіргеннің арқасында жүзеге асты деп білемін.
Осы орайда, ауданымызда осыдан екі жыл бұрын аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясы құрылған болатын. Мақсат – аудан көлемінде ұлттық спортты дамытып, ұмытылып бара жатқан ойындарды жаңғырту. Федерация құрылғалы ауданымызда бірнеше бәйгелер ұйымдастырылып, ұлттық спортты дамыту жөнінде түрлі семинарлар өткізілді. Одан бөлек, осыдан екі жыл бұрын ауданға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келгенде ипподром салу жөнінде бастама көтерген едім. Бұл ұсынысым облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, бүгінде салынатын ипподромның жобалық сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Бұл ауданымызда ат спортының дамуына серпін береді деп сенемін. Егер ипподром ашылып жатса, соның ішінен иппотерапия яғни жылқы арқылы емдеу әдісін қолға алмақшымыз. Бұл сал ауруымен ауыратын жандарға таптырмайтын ем. Одан бөлек ипподромның жанынан қымызхана ашу да жоспарда бар. Егер осы істер жүзеге асса ауылға келген қонақты бұрынғыдай «бильярд ойнап, кафеге барайық» деп емес, «атқа мініп, қымыз ішіп қайтайық» деп құрметтейтін боламыз.
Қайырбек БАЙМҰРАТОВ,
аудандық ұлттық спорты түрлері федерациясының президенті.