Жақында «Арман» мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жақсы келін – ырысың» атты аудандық келіндер сыны болып өтті.
Оған Сағыз, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған ауылдық округтерінен барлығы сегіз келін қатысты. Байқау таныстыру, келіннің бір күндік өмірінен бейнекөрсетілім, қолөнер бұйымдарын жасау, өнер көрсету және ұлттық тағам әзірлеу сынды төрт бөлімнен тұрды.
Алғашқы бөлім таныстыруда келіндер бірі өлеңмен, бірі қара сөзбен өздерін, әулеттерін таныстырып шықты. Бір әттеген-айы, түскен әулеттеріндегі қайын атасының атын айтып қойған келіндер де болды. Ал, екінші бөлімде әр келін өздерінің бір күндік өмірлерін бейнекөрсетілім арқылы халық назарына ұсынды. Бұл сайыста барлығы да бір деңгейде болды. Ал, қолөнер бұйымдарын жасауда ойылдық Жеміс Қонарова ерекше шеберлігімен көзге түсті. Өнер көрсету сайысында келіндер тек ән айтумен шектелді. Ел таңғалатындай өнер көрсеткен келін байқай алмадық. Ұлттық тағамдар дайындауда барлығы да ерекше дайындықпен келгенін көрсетті. Келіндер бүгінде ұмыт бола бастаған жаужүрек, кісенан, әсіп сынды түрлі тағамдарды әкеліп, олардың дайындалу жолдарын түсіндірді.
Сайыс қорытындысында ойылдық Жеміс Қонарова қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз атанып, облыстық келіндер сайысына жолдама алса, жамбылдық Әсемгүл Ахметова екінші, сағыздық Аягөз Хайруллина үшінші орынды жеңіп алды. Ал, Тайсойған ауылдық округінен қатысқан Динара Шаңова «Дәстүрді дәріптеген», жангелдиндік Гүлфарида Меңдіғалиева «Ісмер келін», көздіғаралық Қайырлы Мағзомова «Сәлемімен сыйлы», тасшағылдық Эльвира Нұрғалиева «Өнерлі келін», қарабаулық Айжан Отарова «Парасатты келін» номинацияларымен марапатталды. Қорыта айтқанда, сайыс қызықты да, тартысты өтті. Тек, осындай мәні мен мазмұны бөлек шараға Миялы мен Мұқыр ауылдық округтерінен қатысатын келіннің шықпағаны көңілге кірбің ұялатады.
Дулат БЕРІКҰЛЫ.