Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, байтақ даламыздың тарихына қатысты жеті қырын айтып, өзі де сол істерді жалғастыру үшін үлкен жобалар ұсынды.
Мақалада қамтылған тақырыптар аясы ауқымды.
Елбасының мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты тақырыпшада айтылғандар менің көңілімнен шықты. Онда «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек. Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн. Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет. Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады» делінген.
Атақты тарихи тұлғаларымыздың ескерткіш-мүсіндері қойылған ашық аспан астындағы оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу ұсынысы қандай тамаша?! Қазіргі ұрпақты осындай дүниемен қызықтыра білсек жақсы емес пе?! Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндеріміз осы бастан тарихты бойына сіңіріп өссе, ұлтжанды, елінің патриоты болары сөзсіз. Қорыта айтқанда, ел тарихын, өткенін білу қазіргі ұрпақ үшін маңызды. Сондықтан, бұл жұмыстар дер кезінде қолға алынып, жүзеге асырылу керек. «Өткенсіз болашақ жоқ» демекші әрбір азамат елдің тарихын біліп, бабалар салған ізгі жолмен жүрсе адаспасымыз белгілі.
Құмар ХАСАН,
Ардагер-ұстаз