Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

"Домбыра құндылығы ұмыт қалмасын!"-дейді қызылқоғалық домбырашылар

Атақты жазушы Мұхтар Əуезов: «Жалпы музыка атаулы нəрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген болатын.

Осыдан үш жыл бұрын жағымды жаңалық жанымызды жадыратты. Нақтырақ айтсақ, Елбасымыздың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Жыл сайын атап өтілмек бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты болмақ. Осы орайда, домбыра төңірегіне тоқтала отырып, домбыраның үнін сирек есту, домбыра үйірмелерінің жұмысы, әуесқой домбырашылардың өнері сынды туындайтын сауалдарға ден қойғанды жөн көрдік.

Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым ғой! Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде алыстап бара жатқандай еді.

Осы орайда, Миялы балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Дина Төремұратова:

-Телеарналардан домбыраның дауысын есту мұңға айналғаны былай тұрсын, қазіргі ахуалға байланысты биылғы жаз маусымы балалар үшін де тиімсіз болуда. Еркін үйірмелерге қатыса алмайды. Алайда, онлайн конкурстардың үздіксіз өтіп жатқаны белгілі. Әрине, онлайн конкурстарға өз өнерлерін жіберіп, жүлдеге ие болып жатқан оқушылар баршылық. Менің сыныбымда 15 оқушы дәріс алады. Оның біреуі мектепті аяқтаса, қалғаны келесі сыныпқа көшті. Осы оқушылар арасынан «Қарлығаш» домбырашылар ансамблін құрдым. Әрине, жеткен жетістік жоқ емес. Оқушылар халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты. Сонымен қатар, оқушыларға домбыраға деген құрметі, үйренуге деген қызығушылығы өте жақсы. Домбыраға өте көп жанашырлық керек. Басылым беттерінде бұл тақырып жөнінде жиірек жазылғанын қалаймын. Домбыраның үні жай үн емес, қазақтың үні. Сол себепті де әр қазақ жаны ашып, алаңдаушылық білдірсе абыройы асқақтайтыны сөзсіз, - дейді.

-Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруы ғажап емес. Көп нәрседен үміттіміз. Әрине, жастардың барлығы бірдей күйді қатты жақсы көреді немесе барлығы бірдей күйші болады деп те айта алмаймыз. Бірақ, күйден түгелдей дерлік алыстады деуге де болмайды. Қазіргі қоғамның дамуына қарасақ, бір жақты кесіп айту – үлкен қателік. Себебі, күй өнеріне бет бұрған соң, сол күй әлемінде болып, мейлінше енуге тырысасыз. Қазіргі жастар жеңіл жұмыс, жеңіл ақша табу, қиындықты қажетсінбейтін істерге бет бұрған уақыт болғандықтан, күй өнерін аса қолдамайды. Сондай-ақ, күй өнерін дәріптеп, өскелең және кейінгі ұрпаққа жеткізуді өз алдына парыз еткен аға-апа, іні-қарындастарымызды да жоққа шығара алмаймын. Сондықтан, бұл тұрғыда жастардың көзқарасын жақсы не жаман деп ажырату мүмкін емес. Жалпы, біз Батыс Қазақстан өңірі негізінен төкпе күйдің отаны болғандықтан, Құрманғазы, Дина, Рысбай, Қаршыға, Әзидолла сынды небір-небір дүлдүлдер, оның бер жағында Айгүл Үлкенбаева, Карима Сахарбаева сынды күйшілердің өкілі болғаннан кейін төкпе күй мектебін жақсы меңгердік. Және де өзіме ұнайтыны Төре мектебі. Негізінен, Маңғыстау, Орда мектептері, Қаратау шертпесі, Сүгірдің термесі өте ұнайды. Консерватория қабырғасында оқып жүргенде, барлық күйшілік мектепті қамтып оқу міндетті. Сол 4 жыл ішінде осы 11 күйшілік мектепті меңгердік, - деп пікір білдіреді «Мен қазақпын» мегажобасының жеңімпазы, күйші Жәнібек Жәмиев.

Иә, шын мәнінде рухани мұра, қазақы құндылығымыз сақталған құнды дүниелердің бүгінгі қоғам бедерінде күнбе-күн көрініс бергені дұрыс деп есептеймін. Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін де жанымыз қалайды.

Өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, әр қазақ ұлты, қазақ баласы – ұлықта Домбыраңды дегіміз келеді.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

Сурет:  редакция мұрағатынан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521