Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Көрермені аз ретро концерт

Кеше «Арман» мәдениет үйінде «Сағындым, сағым жылдар» атты ретро әндер фестивалі өтті.

Шара ұмыт болып бара жатқан ескі әндерді қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып, 70-80 жылдары аудан мәдениетінің дамуына, өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер әсем әндер шырқады. Ән фестивалінің шымылдығын облыстық «Сағындырған әндер-ай», «Достар әні» фестивалінің жеңімпазы «Жайлау тынысы» вокальды аспаптар ансамблі «Жыр жазамын жүрегімнен», «Неге солай», «Қайдасың» әндерімен ашты. Содан соң, сахна төріне көтерілген бүкілодақтық II-ші фестивалдің лауреаты Ғалия Ықыласова Шәмші Қалдаяқовтың «Еркежан» әнін тамылжыта шырқаса, облыстық әншілер байқауының жеңімпазы Сәуле Нұрбосинова Фариза Оңғарсынованың «Жақсы көру» әнін орындады. Ал, Күләш Әбдіғалиева, Мереке Шерниязова, Света Жолымбетова, Зоя Жандосова, Балжан Мақы, Анар Қуанышевалар орындаған әсем әндер көпшіліктің қошеметіне бөленіп, жангелдиндік «Асыл әжелер», миялылық «Әжелер» және «Ардагерлер» ансамблдерінің орындаушылық шеберліктері көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ, күмбірлеген күй, термешілер ой-толғауы бұл кешті ерекшелей түсті. Атап айтқанда, жергілікті сазгер, облыстық күйшілер байқауының жеңімпазы Еңсеген Әбиев, облыстық термешілер байқауының жеңімпазы, жамбылдық Иғали Ізтұрғанов пен қарабаулық Роза Бүркітова, облыстық күйшілер байқауының жеңімпазы Ишанберген Қонаровтар күй тартып, термелерді төкпелетті. Ал, бүкілодақтық II-ші фестивалдің лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жәния Ізбасқан, республикалық фестивалдің лауреаты Ұлдаш Құлшықова, республикалық «Жастар» фестивалінің лауреаты Төлеген Жұбауовтардың орындауындағы «Арманымның ақ құсы», Соғыс жылдарындағы әндерден топтама, «Әдемі-ау», «Балалық шаққа саяхат» әндері көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.

– Кей кезде халық арасында «жанды дауыста ән айтылмайды, бәрі фонограмма» деген пікірлерді естіп жатамыз. Ал, бұл кеште барлығы жанды дауыста орындалып, 70-80 жылдардағы әндер шырқалды. Көптен сахнаға шықпаған өнерпаз ардагерлеріміз бар өнерлерін көрсетті. Бір өкініштісі, шара өтетіндігі жөнінде әр жерге хабарландырулар ілініп, әлеуметтік желілерде де таратылды. Бірақ, кешке көрерменнің аз жиналуы көңілімізді түсіріп жіберді. Алайда, жиналған көпшіліктің қошеметі бізді шабыттандыра түсті, – дейді «Арман» мәдениет үйінің директоры Жәния Ізбасқан.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT