Өткен аптаның сенбісі күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында, «Самғай бер, болашаққа атақоныс» тақырыбымен Сағыз ауылының құрылғанына 80 жыл толу мерейтойын атап өтті.
Салтанатты шара басталмас бұрын келген қонақтарды «Шұғыла» мәдениет үйінің алдында мектеп оқушылары қошеметпен қарсы алып, әжелер шашу шашып, қонақтарға қазақы дәстүрмен ақ ұсынылды. Содан кейін, мерейтой қонақтары мәдениет үйінің фойесінде А.Өміров атындағы балалар саз мектебінен құралған ансамбльдің жанды жадыратар әдемі ырғақты музыкасымен ауыл кәсіпкерлерінің өнімі және мектеп, балабақша мекемелерінің бұйымдарымен танысты. Көрікті көрмені тамашалаған қонақтар содан кейін салтанатты жиынды тамашалады.
Жиын шымылдығы Сағыз ауылының 80 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнесюжетпен ашылды. Содан кейін сахна төріне шыққан аудан әкімі Арман Баженов құттықтау тілегін жолдап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ардагер ана Сәния Малдыбатыроваға «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етсе, Сағыздың дамуына қаржылай да, басқалай да демеуші болып жүрген белгілі кәсіпкер Сағызбек Тастеміровті құрмет грамотасымен марапаттап, елдің еңсесін көтеру жолында еселі еңбек сіңіріп жүрген бір топ сағыздық азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен мадақталды. Сол сияқты аудандық мәслихат депутаты Қанат Әнет бір топ азаматтар мен азаматшаларға аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқалидың алғыс хатын табыс етті. Шара барысында, сонау Астана мен Алматы қалаларынан арытып келген мерейтойдың қадірлі қонақтары тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай, жазушылар Марат Мәжитов, Тәжібай Жаңаев, белгілі меценат Жауғашты Нәбиевтер ізгі тілектерін арнаса, халықаралық «Бейбітшілік әлемі» творчестволық бірлестігі марапаттау комиссиясының төрайымы, Сағыз ауылынан түлеп ұшқан Гүлсара Иманова ауылдың мәдени, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосқан ардагер теміржолшылар, ұстаздар, еңбек адамдары, мәдениет қызметкерлерін бірлестік атынан мерекелік медаль, дипломдармен марапаттады. Одан соң «Самғай бер, болашаққа атақоныс» атты жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысы өтіп, онда бірінші орынды жеңіп алған мұқырлық Нұрислам Құспанғали, екінші орынды иеленген миялылық Дулат Ғұбайдуллин және жүлделі үшінші орынға ие болған сағыздық Әділет Базарбаевтар өз өлеңдерін оқыды. Оларды белгілі ақын, жерлес жазушы Жұмабай Құлиев марапаттап, диплом және ақшалай сыйлықтар табыс етсе, шара одан әрі мерекелік концертпен жалғасып, онда жергілікті өнерпаздармен қатар, күйші Кенжебек Аяғанов, жерлесіміз Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін «Сармад» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, көрерменнің көңілін бір көтеріп тастады. Сөйтіп, мерейлі марапат, игі тілекпен өрілген жиын жоғары дәрежеде өтті.
Өз тілшіміз.