Қасиетті Қызылқоға жері қазақтың қай өнері болмасын қаймағы бұзылмай сақталып келе жатқан киелі топырақ. Сол өлмес мұраларымыздың бірі – сазгерлік өнер. Талай әнді дүниеге әкелген Жәкула Нұрғалиев, Ғиниятолла Есенғалиев, Кәдірбай Жолаев туған мекенде қазіргі таңда еңбек етіп жатқан сазгерлер баршылық.
Осындай туған жерден түлеген жергілікті сазгерлердің өнерін насихаттау, халық арасына тарату, дарынды әуесқой сазгерлерді табу мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы «Туған жерім туралы әндер» атты жергілікті әуесқой сазгерлердің әндерін орындаушылардың аудандық байқауын ұйымдастырды.
Сағыз ауылындағы «Шұғыла» мәдениет үйінде өткен байқауға жеті ауылдық округтен 13 үміткер қатысты. Олар эстрадалық, дәстүрлі және балаларға арналған әндер бойынша бақтарын сынады. Нәтижесінде, эстрадалық әндер жанры бойынша Н.Құбашевтың сөзіне жазылған Ғ.Есенғалиевтің «Жырлаймын сені» әнін орындаған Мұқыр ауылдық округінен қатысушы Гүлбану Асқарқызы мен Гүлайкөркем Ибрахимқызы бірінші орынды иеленсе, миялылық Дарын Нартай К.Жолавтың «Самға биік қырандар» әнімен екінші орынды еншіледі. Ал, балаларға арналған әндер арасындағы сайыста сазгер Ә.Темірхановтың (сөзі А.Темірболатова) «Мектеп ана» әнімен тыңдармандарын баураған Миялы ауылдық округінен қатысушы Тамерлан Алтыбай І орынды жеңіп алса, С.Өтеуовтің «Туған жер» әнін орындаған сағыздық Мақсат Мерғалиев ІІ орынды иеленді. Дәстүрлі әндер жанрында сазгер Е.Әбидің «Ақторғайым» әнін көрермендерге ұсынған жангелдиндік жас әнші Бекзада Сүлеймен бірінші орынды еншіледі. Әндері жүлделі орындарға ие болған сазгерлерге естелік сыйлық табысталса, оларды орындаған әншілерге қаржылай сыйлық берілді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.