Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

От жағушыға айналған өнерпаз алыстағы ауылда танылмай жүр

Біздің ауданда өнерімен өрге жүзіп, елге танымал болғандар да, сонымен қатар, жарыққа шықпай тасада қалған таланттар да жетерлік. Солардың бірі – қарабаулық Медет ІЗБАСАРОВ. Ол, бүгінде Қызылқоға ауылдық округі әкімдігінде от жағушы оператор болып қызмет жасайды. Алайда, Медеттің ерекшелігі ол тек от жағып қана емес, әнімен де жүректерге жылу беріп, талайдың көңілін көтеріп жүр. Оны бұрын ешкім танымайтын еді.

Тек, осыдан 3-4 жыл бұрын Ютуб каналында «Қарабау баянист» деген атпен бір бейнекөрініс шығып, ол лезде қалың көрерменнің ықыласына бөленді. Ал, биыл аталмыш бейнекөрініс Фейсбуктағы «Жаға ұстатты» тобында ең көп қаралған және ең көп талқыланғандардың ішінде алдыңғы қатарда тұрды. Осы орайда, біз қайта-қайта интернетке «Қызылқоғалық жұлдыз» деген атпен шығып, елдің назарын аударған жерлесімізді іздеп тауып, сұхбаттасқанды жөн көрдік.

Айта кетейік сұхбат алу оңай болған жоқ. Алғашында онымен сөйлескенімізде «Мен өнер адамы емес, қарапайым жанмын» деп келіспеді. Біз «Бұл халықтың сұранысы бойынша...» деп әрең көндірген болатынбыз.

– Медет Нұрбергенұлы, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді. Алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстыра кетсеңіз...

– Мен 1986 жылы 19 ақпанда таланттардың тал бесігі болған Қарабау ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Нұрберген кезінде ауылдағы мәдениет үйінде жұмыс жасаған. Өзі ауыл-аймаққа белгілі домбыра, баян тартатын өнер адамы болған. Өкінішке орай, 1996 жылы дүниеден өтті. Алдымда бір ағам, меннен кейін қарындасым бар. Қазір олар өз алдарына отбасы құрып бөлек кетті. Мен анам, жұбайым, биыл дүниеге келген Жантілеу атты ұлыммен әкемнің қара шаңырағындамын. Өзім кішкентайдан әкемнің қасында көп жүргендіктен әнге, соның ішінде баянмен айтатын Шәмшінің әндеріне құмартып, халық әндерімен сусындап өстім. Үйде әкемнен қалған баян бар еді. Соны күнде тартып жүріп үйреніп алдым. Ешқандай музыкалық білімім жоқ, жай әуесқой әншімін десем де болады. Жалпы өзімнің атамның әкесі Ізбасар заманында ақын, күйші болған белгілі адам. Атам да, әкем де өнерден құр алақан болмаған. Содан шығар арасында әндетіп қоятын әдетіміз бар.

Өнер қанмен берілетін нәрсе ғой. Ізбасардан тараған талантты ұрпақтың тағы бірі – тайсойғандық Шалқарбай Ізбасаров. Яғни Ізбасар атамыздан Қайыр мен Болат туған. Қайыр Шалқарбайдың, Болат менің атам. Сонда Шалқарбай екеуміз бел немереміз. Оған ақындық жағы дарыса, бізге әншілік бұйырыпты. Жалпы, өзім жайлы қысқаша айтарым осы. Қарапайым қазақтың баласымын.

– «Өнерліге өріс кең» деп жатады қазақ. Бірақ, сіз өрісіңізді өнерден емес басқа жақтан іздепсіз. Мынадай талантыңыз бен табиғи даусыңыз бар, бірақ, қазір ауылдық әкімдікте от жағушы операторсыз. Өнер әлеміне неге бет бұрмайсыз?

– Көп адамның қоятын сұрағы осы. Әрине, бойда тасып тұрған талантың барда өз салаңда жұмыс жасағанға не жетсін?! Бірақ, жұмысқа тұру үшін арнайы немесе жоғары оқу орнын бітірген диплом қажет. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» демекші мен мектеп бітіргеннен кейін оқуға түспей, бірден еңбекке араласып кеттім. Кейін күйбең тірліктен қол тимеді. Жалпы, ауылда мәдениет үйінде өнерпаз, балабақшада саз пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасап көрдім. Бірақ, диплом керек болғандықтан ол жерлерде ұзақ жасай алмадым. Содан бері қыста от жағушы оператор, жазда түрлі жұмыстарда жасап, отбасымды асырап жүрмін. Бірақ, бұл өнерден бір жола қол үздім деген сөз емес. Арасында ауылда өтетін түрлі мейрамдарда, іс-шараларда сахнаға шығып тұрамын. Осыдан 4-5 жыл бұрын Миялыда «Арман» мәдениет үйінде жергілікті сазгерлердің әнін орындаудан аудандық байқау өтіп, сонда Қадірбай Жолаевтың «Сағындым сені сыңарым» әнін орындап, үшінші орынға ие болғанмын. Бірақ, міне 3-4 жыл болды, сахнадан алшақтап кеттім.

– Бұрын даусы барлар ән айтса, қазір аузы бардың бәрі ән айтатын болып кетті ғой. Оның қасында сіз бөлек талантсыз. Өнерден неге алшақтап кеттіңіз?

Шынымды айтсам, елдің алдына жиі шығып, ән салып, танымал болуды ұната бермеймін. Бір жағынан күйбең тірліктен қол да тимейді. Мүмкін, алдағы уақытта шығармын. Ол уақыттың еншісінде. Рас, кейде жаздырып алып, аузын жыбырлатып тұрған әншілерді көргенде қарның ашады. Саф алтындай таза өнердің бүлінгені қашан?! Соларды ойлағанда «Тәуекел, мен де әнші боламын» деп, кірісіп кеткім келеді. Бірақ, кейін ол ойдан қайтамын.

– Сіздің өлең айтқан бейнеңізді көрген жұртшылық «Мына жігітті құдалыққа шақырғым келеді, телефон нөмірі бар ма, бағасы қанша?» деп сұрап жатқанын интернеттен оқып, көріп отырмыз. Интернетте танымал болғаннан кейін ән айтуға тапсырыс бергендер болды ма, жалпы той-томалаққа шығып тұрасыз ба?

– Интернетке шыққаннан кейін өзін «Атыраудан Асантемір Қаршығаұлымын» деп таныстырған журналист жігіт хабарласты. «Әніңізді тыңдап, тәнті болып жатырмыз. Атырауға келсеңіз кездесейік, сұхбаттасайық» деген болатын. Мен келісім бердім. Алайда, тағы сол шаруашылықтармен қол тимей қалып жатыр. Әртүрлі той-томалақтарға ұсыныстар түсіп жатады. Бірақ, өзім ондайға аса көп ниеттене қоймаймын. Рас, жас кезімізде Ринат деген досым екеуміз талай тойды шарлап, өнер көрсетіп жүрдік. Алайда, қазір көп шыққым келмейді. Ал, ағайын-туыс, дос-жаранның орталарында әнімді салып, отырыстарды көтеруден қашпаймын. Бірақ, арнайылап тойға шығуға зауқым соқпайды. Мүмкін, алдағы уақытта өнерімді шыңдап, дұрыстап дайындалсам шығып қалуым да ғажап емес.

– Ютуб каналында біздің ауданнан ең көп қаралғаны Шалқарбай Ізбасаровтың Ринат Зайытовтың айтысы болса, содан кейінгі орында сіз тұрсыз. Сіздің өлең айтқан бейнекөрінісіңіз бүгінде 20 758 рет қаралып, көрермендер жүзге жуық пікір қалдырған. Фейсбукта одан да көп. Сіз осылай «Интернет жұлдыз» боламын деп ойладыңыз ба?

Интернетте жүрген отырыс дос жігітіміз кішкентайлы болып, соның қуанышында айтылған ән болатын. Құрдас балам ұялы телефонға түсіріп жатқан, кейіннен интернетке салып жіберіпті. Басында Ютуб каналына жүктелгенде мұнша адам қарайды деп ойлаған жоқпын. Жай, көңілді отырыстардағы кезекті ән ғой негізі. Алайда, біраз қаралым жинап, биыл наурыз айында Фейсбуктағы топқа да салыныпты. Бірақ, «Интернет жұлдыз» деген өзіме біртүрлі естіледі. Әрине. Ел-жұрттың жылы пікірін білдіріп, өнеріме сәттілік тілеп жатқандарына рахмет.

– Бейнекөріністі көрген адам сіздің тек ән айтып қана емес, арасында түрлі дауыстарды құбылтып салып отырғаныңызды байқайды. Яғни, әнді тірі дауыста өңдеп (оранжировка) айтып отырсыз. Бұны қалай салып отырсыз?

– Бұл қазақтың халық әндерінде, орыстың «частушкасында» кездесетін әнді әрлеуші қосымша дыбыстар ғой. Мен айтқан халық әндеріне де сұранып тұр екен. Әрі достарыммен емін-еркін, көңілді отырғасын да шынайы бейнекөрініс болды. Бұл арнайылап емес, кездейсоқ түсірілген бейнекөрініс болғандықтан халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Мен өзім мұны ерекше өнер деп бағаламаймын. Кәдімгі отырыстардағы ән болатын.

– Өзіңізді өнер адамы деп санамасаңыз да сіз ендігі халықтың ықыласына бөленіп үлгердіңіз. Енді осы өнер шыңдап, түбегейлі қолға алу жоспарда бар ма? Басты мақсатыңыз қандай?

– «Ештен кеш жақсы» дейді. Алдағы уақытта музыкалық білім алып, өнер саласында жұмыс жасау басты мақсатым. Сосын мен жоғарыда айттым кәсіпқой әнші емеспін. Аспаптардан баян мен домбырада ғана ойнаймын. Жалпы өзіме жақын, ниеттес достарым да «Өнеріңді өлтіріп алма. Бұл – көп адамға беріле бермейтін сый» деп ақылын айтып жатады. Жас та біразға келді. Сондықтан нақты бір мақсатты қолға алып, жұмыстануым керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан,

Дулат БЕРІКҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT