Өткен аптаның жұмасы күні «Қала күні-2022» мерекесі аясында Қызылқоға ауданының өнерпаздары қала тұрғындарына «Атырау – асыл мекенім» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Сахна шымылдығы «Халық» театры ұжымының театрландырған көрінісімен ашылып, онда әзілдері жарасқан қыз-жігіттер ауылдың алты ауызын орындап, өлеңмен айтысады. Жігіттер жағы ақын Шернияз Жарылғасұлының жалынды жырлары мен Сүгірдің термелерінен үзінді орындаса, қыздар халық әні «Шіркін-аймен» жауап береді. Қойылым соңында Есет би (Қайсар Аққожиев) ел халқына ізгі тілегін арнаса, Бөкен би (Сәмен Яқып) бата берді.
Бұдан әрі «Еспай» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі (дирижері Есет Махмут) Түркештің «Көңіл ашар», Абайдың «Торы жорға» күйлерін күмбірлетсе, әнші Ләззат Тастаева аталмыш оркестрдің сүйемелдеуімен О.Байсеңгірдің «Біздің ауыл тамаша» әнін, қобызшылар ансамблі Шәмші әндерінен попури орындады. Ал, әншілер Ұлан Жакенов, Жарқынай Мұқашева, Әділбек Кәрімдер сазгер, әнші А.Қоразбаевтың «Туған жер» әнін домбырамен шырқаса, көрермендер Қ.Ахмедияровтың «Нұрғиса» күйін нақышына келтіре тартқан күйші Жәнібек Жәмиевтің өнеріне тәнті болды. Сондай-ақ, салтанатты кеште көрермен қауым әншілер Назира Шоқан, Амандық Төлегенов, Нұржанат Нұрболат, Дастан Асан, Аманбек Берікқалиевтар орындаған «Қазақ вальсі», «Еділ-Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Тәуелсіз елім» әндерін сүйсіне тыңдаса, халықтық «Қарабалиндер» отбасылық ансамблі орындаған халық әні «Самал тау», «Ақ әжелер» ансамблі орындаған «Маржан қыз» (әні: Ә.Еспаев, сөзі: С.Адамбеков), «Аманат» хоры орындаған (жетекшісі Л.Тастаева) Т.Алагөздің «Қандай сұлу дүние» әндерін, «Ойыл аруы» бишілер тобы мен «Жұлдыз-ай», «Айданай» үлгілі би ұжымдарының мың бұрала билеген билерін тамашалады. Сонымен бірге, концерттік бағдарламада еліміздің ақын-сазгерлерінің туындыларымен бірге жергілікті ақын-сазгерлердің шығармалары орындалды. Атап айтқанда, әншілер Бисұлтан Мұхтаров, Нұрболат Баяшов, Зәуре Жұмағалиева, Айдана Ижапқұлова мен Амандық Төлегеновтер «Қызылқоға аймағы» (әні: О.Байсеңгір, сөзі: Б.Қалмағанбет), «Мекенім – Миялы» (әні мен сөзі: Қ.Ізекенұлы), «Атырау – асыл мекенім» (әні: Ә.Темірханов, сөзі: Қошан Дүйсемұратов), «Атырауым» (әні: Амандық Төлегенов, сөзі: Бақытжан Битеков) әндерін тамылжыта шырқады. Екі сағатқа жуық болған аудан өнерпаздардың концерттік бағдарламасы әншілер Дастан Асан, Назира Шоқан, Заманбек Абзалұлы, Мейрамгүл Болатқызы, Аманқос Нұржан және Нұржанат Нұрболаттардың орындауындағы С.Дүйсенғазиннің сөзіне жазылған М.Салықовтың «Отаным – қазақ елі» әнімен аяқталды.
Концерттің соңында сахна төріне көтерілген кеш қонағы Қазақстанның Еңбек Ері, сазгер Илья Жақанов аудан өнерпаздарының өнеріне ризашылығын білдірсе, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қызылқоғалықтардың тартуына алғысын айтып, аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа қала әкімі Мейірім Қалауидің атынан Құттықтау хатын және ықылас гүлін табыс етті.
Кешті қорытындылаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Құрметті атыраулықтар! Қызылқоғалық өнерпаздардың Атырау қаласының күніне арналған бүгінгі мерейлі шарасына қош келдіңіздер. Ұланғайыр қазақ даласында Атырау өңірінің өз орны, өз тарихы, өз орнегі бар. Бағзы заманнан ақындар «майлы қиян» деп жырға қосқан жердің кіндігі – Атырау қаласына биыл 382 жыл толды. Тәуелсіздік жылдары төл қаламыз барлық салада жаңару мен жаңғыру үстіндегі, байтақ еліміз зор үміт артқан, экономикалық, инвестициялық мүмкіншілігі орасан орталыққа айналды. Шырайлы шаһардың әрбір шыққан биігі мен сәулелі сәті Қызылқоға жұртшылығы үшін де зор мерей. Ардақ тұтар қаланың ажары айшықты, келешегі кемел болып, жылдан-жылға жарқырай бергей! - деп, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановқа аудан тұрғындарының құттықтауы мен естелік сыйлығын тапсырды.
Бауыржан САҚТАСИНОВ
Суреттерді түсірген автор