Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда қолөнершілер байқауы өтеді

Аудан әкімдігінде «URPAQ» Қазақстан Қолөнер Академиясы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге аудандағы қолөнермен айналысып жүрген шеберлер мен округ әкімдері, жауапты бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов қонақтарды таныстырып,  кездесудің мән-маңызын түсіндірді. Бұдан кейін «URPAQ» Қазақстан Қолөнер Академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрберген Дәулетов:

– Қашанда ұлттық өнерді насихаттап, саусағынан бал тамған шеберлерді іздеп жүретін біздің қоғамдық бірлестік қазан айынан бастап облыстық деңгейде «Qol Өner Dauysy-2022» байқауын өткізгелі отыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен өтетін байқауға кез-келген адам қатысуға болады. Байқаудың мақсаты – мәдени мұраны жаңғырту, қолөнер және бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту. Қатысушылар 18 жасқа дейін және 18 жастан жоғары болып екі санатқа бөлінеді. Яғни, біз мектеп оқушыларын да назардан тыс қалдырмай, байқауға қатысуға мүмкіндік бергелі отырмыз.  Қолөнершілердің жұмысы ағаштан бұйым жасау, тоқу, тігін, сурет салу, киіз бен былғарыдан бұйым жасау, мобилография сынды 9 номинация бойынша бағаланады. Қазылар алқасы әр номинация бойынша үздік шыққан 8 жұмысты іріктеп, облыстық кезеңге өткізеді. Оның төртеуі 18 жасқа дейін, төртеуі 18 жастан жоғары қатысушылар болады. Содан кейін байқаудың облыстық кезеңі өтіп, қорытындыланады. Байқаудың жүлдесі де қомақты. Бас жүлдеге 300 мың теңге берілсе, бірінші орынға –  250 мың теңге, екінші орынға – 200 мың теңге, үшінші орынға 150 мың теңге беріледі, – деді.

Содан кейін жиынға қатысушылар байқау жөнінде қосымша көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов қолөнерге икемі бар тұрғындарды аталмыш байқауға қатысып, бақ сынауға шақырды.

 

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT