«Арман» мәдениет үйінде «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сазды керуен» атты концерт болып өтті. Онда сахна шымылдығын «Ойыл аруы» тобының бишілері «Мама» биімен ашты.
Одан соң, «Әкеме», «Қазақ қызы», «Қуанышым менің», «Биле жастық шақ», «Пәк сезім», «Сәйгүлік», «Қайран дүние», «Туған ел», «Өмір сені сүйемін», «Аяулы анашым», «Ана мен әке», «Желкілдек», «Ризамын», «Аққұсым» «Жұлдызым», «Ауылым», «Қызылқоға», «Ностальгия» әндерін әншілер Гаухар Жолаева, Әмір Үмбетов, Рысхан Дәріс, Қасиет Жеңісқызы, Ақерке Түгелбай, Фатима Аманқос, Гүлайым Қазиханова, Исламбек Досболұлы, Бисұлтан Қанатұлы нақышына келтіре орындап, көрермен көңілін бір серпілтті. Сондай-ақ, Бағдагүл Қайыңбай өзінің жүрегінен шыққан «Әкеме», «Жәния апайға» өлеңдерін, Рысхан Дәріс "Жанар" атты монологын тебірене оқып берді.
Шара соңында сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Ауданға арнайы келген «Сезім шыңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Үмбеталиев ағамыз бастап келген ұжымға алғысымызды білдіріп, рахмет айтамын. Жалпы ауданда мүмкіндігі шектеулі 1171 адам бар. Оларға қолайлы жағдай жасау әрбіріміздің міндетіміз. Назардан тыс қалмауы тиіс, - деді.
Сондай-ақ, "Сенім шыңы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Үмбеталиев пен өнер көрсеткен өнерпаздарға Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Бұдан кейін сөз алған "Сенім шыңы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Үмбеталиев:
– Кейбір мүгедек жандар өз денсаулығының шектеулілігіне қарамай, дені сау адамдарға үлкен көмек беріп келеді. Олардың мүмкіндігі шектеулі болса да жаны – таза. Олардың арасында өнерлі, таланттылар бар. Біз олардың өз өнерін көрсетуіне мүмкіндік бердік, - деп жүрек жарды лебізін білдіріп, "Сенім шыңы" қоғамдық бірлестігінің атынан аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен өнерпаздарды Алғыс хатпен марапаттап, 10 мың теңгенің купонын табыс етті. Сөйтіп шара өз мәресіне жетті.
Кәмшат ӘБІШ