Сағыз ауылдық округіндегі орталық «Жастар» саябағында Аманбай Өміров атындағы балалар саз мектебінің ұйымдастыруымен Астана қаласының 20 жылдық, Сағыз ауылының 80 жылдық мерейтойына арналған «Астана – Ұлы дала Елордасы, Сағызым – өнер тұнған боз даласы!» атты концерті өтті.
Концерт басталысымен-ақ, суырылып ортаға шыққан Аманбай Өміров атындағы балалар саз мектебі оқушылары өз туған жерлеріне деген құрметтерін әртүрлі жанрда қойылым қойып, өз өнерлерін көрсетуімен-ақ саябаққа жиналған жұртшылық көңілін бір көтеріп тас-тады. Одан әрі сөз тізгінін алған жүргізушілер сахнаға шығып тамылжыта ән шырқап, мың бұрала би билеп, күмбірлете күй ойнаған өнерлі оқушылар жөнінде азғана мәлімет беруді жөн көріп, олардың осы жылы жеткен жетістіктеріне тоқталып, аудандық, облыстық, республикалық қала берді халықаралық дәрежеде өз өнерлерін көрсетіп жүргендерін зор мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, өтіп жатқан кештің мақсатына тоқталып, әсем қаламыз Астананың осыдан жиырма жыл бұрын астана Алматыдан көшіріліп, қазіргі Астанаға қоныс аударғанын және бұрынғымен салыстырғанда, қазіргі таңда ол жерде әдемі ғимараттардың бой көтеріп, көрсе көз тоярлық дәрежеге жеткенін айтып, аталмыш қаланың 20 жылдығына және Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылдық округінің құрылғанына биылғы жылы 80 жыл толғалы отырғанын тілге тиек еткен жүргізуші қос бірдей мерекеге арналған концерт екендігін жеткізді.
Концерт барысында жүргізушілер Астана қаласы мен Сағыз ауылының бүгінгі көркем ғимараттары мен жеткен жетістіктері жөнінде мәліметтер беріп, викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген көрерменге сыйлықтар табыс етті. Ал қойылған сауалдарға жауап беруде әсіресе мектеп оқушылары белсенділік танытып, өздерінің зор біліктіліктерін көрсете білді. Концертті қорытындылаған Аманбай Өміров атындағы балалар саз мектебінің директоры Сәндігүл Дәуленова көрермендерді мерекелерімен құттықтап, өнерлі оқушылардың ата-аналарына алғыс айтты. Және де саз мектебінің үздік оқушыларына мақтау қағазы мен мектеп бітірушілерге куәліктерін тапсырып, оларға сәттілік тіледі. Осылайша, концерттің бірінші бөлімінде оқушылар өз өнерлерін көрсетсе, ал екінші бөлімде ұстаздар қауымы да өз өнерлерін паш етіп, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Лаура НАРИМАНОВА,