Мемлекет басшысының Жолдауындағы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру туралы бастамалары – бүгінгі заман талабына сай келетін, әрі қоғам үшін аса өзекті шешімдердің бірі деп айтуға болады.
Елімізде соңғы жылдары электронды денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді. Дегенмен әлі де толыққанды цифрлық экожүйе қалыптаспаған. Президенттің Жолдауында бұл мәселеге нақты назар аударылғаны қуантады. Мысалы, шалғай ауылдардағы халықтың медициналық қызметке онлайн түрде қол жеткізу мүмкіндігі – медициналық теңсіздікті азайтуға себеп болады. Биылғы Жолдауында: «Денсаулық сақтау саласында электрондық денсаулық карталары мен телемедицина енді-енді даму үстінде. Алайда, ауылдық жерлерде медицина қызметке қолжетімділік төмен, ал диагностика құралдары көбіне ескіруде. ЖИ көмегімен ауруларды ерте анықтау, емдеу тактикасын таңдау және пациенттерді бақылау мүмкіндіктері әлі толық пайдаланылмайды» деген еді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру – тек заманауи тренд емес, бұл – уақыт талабы. Президенттің бұл бағыттағы тапсырмалары ел азаматтарының денсаулығына деген жауапкершілікті арттырып, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.
Мадина ҚАНАТҚАЛИЕВА,
аудандық аурухананың емдеу ісі жөніндегі орынбасары