Әлемді алаңдатқан қауіпті індеттің екінші толқыны біздің елден де айналып өтпеді.
Қауіпсіздік шараларын күшейтіп, карантин талаптарын қатаңдату шаралары қолға алынғанымен жаман дерт аудан тұрғындарының арасынан да табыла бастады. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша соңғы екі айда тоғыз адам Covid-19 инфекциясын жұқтырған. Бүгінгі таңда оның жетеуі емделіп шықса, біреуі емделу үстінде. Өкінішке орай, бір тұрғын пандемия құрбаны болды. Қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында құрылған мобильді топ түсінік жұмыстарын жүргізіп, короновирус инфекциясының таралу қаупі туралы қанша айтып жатқанымен, аудан тұрғындары сақтануға асықпайтын сияқты. Той-томалақ пен басқа да іс-шаралардың шектелгендігін елемей келеді. Бұл елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқтыратын қауіпті қадам екендігін білген жөн.
Мәселен, өткен аптадағы кезекті рейд кезінде Миялы ауылында бір тұрғынның той жасап жатқаны анықталды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Самғат Бекенаевтың айтуынша, учаскелік полиция үй иесінен түсініктеме алып, қазіргі таңда тиісті шарасын алу үшін құжаттары жасақталуда. Сондай-ақ, апта басында ауылдағы кәсіпкерлік нысандарды да аралап, кәсіпкерлер мен тұтынушыларды қауіпті дерттен сақтану шараларын тағы да түсіндірді. Шындығында, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс. Сондықтан санитарлық талаптар мен сақтық шараларына бей-жай қарамайық. Осыны әрбір тұрғын түсінсе игі.
Бауыржан САҚТАСИНОВ
Сурет: ашық дереккөзден