Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында медициналық алғашқы көмекті ұйымдастырудың тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды ұсынды. Халықтың басым көпшілігіне, әсіресе ауылдық жерлерде мобильділік пен қолжетімділіктің аса қажет екендігін назарға алған болатын. Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында Жылыой (Қарағай ауылындағы медициналық пункт), Қызылқоға (Айдын ауылындағы медициналық пункт), Махамбет аудандарында (Аққайың, Қөздіқара, Еңбекшіл ауылдарындағы медициналық пункттер) 5 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісін салу көзделген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Сүйеу Хайруллиннің сөзінше, аудандардағы алғашқы көмек объектісінің құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған. Оның сөзінше, медициналық объектінің құрылысы биыл алғашқы жартыжылдықта аяқталады. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, денсаулық сақтау басқармасының теңгеріміне беріледі. Бүгінде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Кешенді жоспарда көрсетілгендей, медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысына жергілікті бюджет есебінен 2022-2023 жылдары 475,0 млн теңге жұмсалады деп болжанған.
Алмас ҚАБДОЛОВ