Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев пен Отбасы банкі Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мугалимов баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үйді хирург, анестезиолог, реаниматолог, инфекционист, травматолог, невропатолог және басқа да медицина қызметкерлері ала алады. Ең бастысы олардың барлығы клиникалық тәжірибемен айналысатын, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысқа орналасқан болуы тиіс.
Бағдарламаға қатысушылардың барлығы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының негізгі қызметкерлері болуы міндетті. Дәрігерлерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын Атырау облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп қолға алуда. Жуырда ғана екі тарап ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
- Атырау облысының дәрігерлері үшін бастапқы жарнасыз тұрғын үй бағдарламасы осы желтоқсан айынан бастап іске қосылады. Отбасы банк өз тарапынан бағдарлама қатысушыларын жылдық 5% мөлшерлемемен несиелендіруге көмектеседі. Ал бастапқы жарна 0% басталады. Несиенің ең жоғары сомасы – 25 млн теңге. Дәрігерлерге бағдарламаның басталу күні мен өтініш жолдау тәртібі қосымша хабарланатын болады. Сондай-ақ бағдарлама шарттарына сәйкес, барлық қатысушы жеңілдетілген несиені 5 жыл негізгі қызметкер ретінде мемлекеттік медициналық ұйымда толық жұмыс күнімен қызмет атқара отырып өтеуі керек, - деді Н.Мугалимов.
Қатысушылар тізімін Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы құрайды. Ең көп ұпай жинағандар жеңілдетілген несиені алуға үміткерлер пулына қосылады. Ұпайлар санына ғылыми дәрежесі мен жұмыс тәжірибесінің болуы және мамандығы әсер ететін болады. Мысалы, акушерия, гинекология, анестезиология, реаниматология, травматология, ортопедия сияқты сала мамандарына жоғары ұпай беріледі.
Сонымен қатар ұпай саны тең болған жағдайда, еңбек өтілі көп қызметкерге басымдық беріледі.
- Өздеріңізге белгілі облыста кадр тапшылығы, медицина мамандарының жетіспеушілігі біраз жылдан бері өзекті мәселелердің бірі. Осы кадр тапшылығын жою мақсатында бірнеше жобалар іске асырылып, жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың бастамасымен осы жылдың басында өңірге арнайы келіп қызмет ететін медицина қызметкерлерінің пәтер мәселесін шешу бойынша тапсырма берілді. Соған байланысты облыс дәрігерлері үшін бастапқы жарнасыз тұрғын үй бағдарламасы бойынша 30 қараша күні келісімге қол қойылған болатын. Бұл медицина саласы мамандары үшін қуанышты жаңалықтардың бірі болды. Айта кететін жайт, бұл бағдарлама республика бойынша ең бірінші рет осы Атырау облысында іске асырылғалы отыр, - деді Қ.Абдалиев.