Аудан бойынша эпидемиологиялық жағдай және оның алдын алу бағытында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова мен аудандық аурухана директоры Айнұр Тілемісова онлайн брифинг өткізді.
Онда алдымен сөз алған аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова:
– Ауданда қызылша жұқпасынан эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. 67 науқас қызылша болжамды жағдайымен тіркелді. Оның 19-ы 1 жасқа дейінгі (екпе жасына жетпеген) сәби, 26-сы 1-14 жас аралығында, 7-уі жасөспірім болса, 15-і ересектер. Қызылша ауруымен ауырып жатқан балалардың көбі екпе алмағандар болып отыр.
Бұл қызылша жұқпасы екпемен басқарылатын ауру болғандықтан, аурудан қорғанудың жалғыз жолы қызылшаға қарсы екпе алу.
Жалпы қызылшаға қарсы екпе Қазақстан Республикасының Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес балаларға 1 жаста және 6 жаста салынады. Алайда қазіргі таңда эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болғандықтан, балалар екпе жасына жетпей ауырып жатқандықтан Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» Қаулысына сәйкес республика бойынша 6 қарашадан бастап қосымша жаппай иммундау басталды. Ал, ауданда 20 қарашадан басталып, 6 ай-11 айға дейінгі балаларға 44 екпе салынды, - деді.
Аудандық аурухананың директоры А.Тілемісованың айтуынша, қызылша – ауа арқылы таралатын жедел жұқпалы ауру. Қызылша жұқпасы жылдам таралуы, толық қабылдағыштығы және ауа-тамшы жолдары арқылы жеңіл берілуімен ерекшеленеді. Көп адам ойлайтындай қызылшамен тек балалар ғана ауырмайды, ересек адамдар да сырқаттанады және оларда жұқпа ауыр түрде өтеді. Негізінен инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Инфекция көзі – ол айналадағыларға екі күн инкубациялық кезеңнен өтіп, 4-ші күні бөртпелер шығып ауырған адам. Ал, 5-ші күні бөртпелері бар адам жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды.
Қызылшаның алғашқы белгілерінде қалтырау, жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы (конъюктивит) байқалады. Сондықтан, осы кезде көп жағдайда адамдарда жіті респираторлық аурушаңдық болады. Бөртпелердің пайда болуы кезең-кезеңмен пайда болып, бастапқыда бетте, құлақтың артында, содан кейін бүкіл денеге таралады. Қызылшаның жасырын кезеңі 9-11 күн, ең көбі 21 күнге созылады. Қызылшаның дамуын байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу керек. Ал, сол ауруды бастап әкелуі мүмкін ең қауіпті және жалпы асқынулар пневмония, бронхит, ларинготрахеит, миокардит, менингит, энцефалит, психикалық бұзылыстар, соқырлық, кереңдік тәрізді өте күрделі жағдайлар жатады. Аурудың алғашқы кезеңінде науқас адамда жалпы әлсіздік, бастың қатты ауыруы білінеді, ұйқы бұзылады және тәбеті нашарлайды. Дене температурасы көтеріледі және ол қызылшаның ауыр түрі кезінде 40°С-қа жетуі мүмкін. Аурудың алғашқы күндері-ақ адамда шырышты бөлінділері бар қатты тұмау, тұрақты құрғақ жөтел, қабақтардың ісуі, конъюктивит байқалады. 3-8 тәуліктен кейін науқастың денесінде біртіндеп ағып кететін ашық түсті дақты-папулезды экзантема пайда болады. Бүгінде аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде қызылша ауруымен жағдайлары орташа ауыр дәрежеде 8 науқас ем алып жатыр.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратованың түсіндіруінше, халық үшін вакцинация тегін жүргізіледі. Екпені алу үшін бекітілген аумақтық емханаға жүгіну қажет. Қазір аудандық ауруханамен бірлескен түрде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Аудан тұрғындары арасында әлеуметтік желі арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, «Қызылқоға» газетіне «Қызылшаның алдын алу бойынша» мақалалары жарияланды.
Күз мезгілі тұмаудың өршитін кезі. Күн салқындағанда ауру жиілейді. Үш инфекцияға арналған вакцина салынады. Вирустық инфекциялар бойынша, оның ішінде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жас балалары бар аналарға, сондай-ақ әртүрлі себептермен (баласының денсаулығы егу жасына толмаған, вакцинациядан бас тарту және т.б.) профилактикалық егу алмаған барлық адамға қызылша бойынша эпидемиялық жағдай тұрақтанғанға дейін адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тартқан жөн.
Сайып келгенде, әрбір аудан тұрғыны өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, мамандардың сөзіне құлақ асып, ауырмаудың жолын таба білгені абзал. Дер кезінде вакцина салдырып, аурудың алдын алайық, ағайын!
Кәмшат ӘБІШ