Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АИТВ (ВИЧ) жұқтырған адам қауіпті ме?

Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) кез-келген адамнан анықталуы мүмкін.

«Маған жұқпайды» деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бірақ үш жұғу жолын білу арқылы сақтануға болады. Бұл ауамен жұғатын індет емес. Егер вирус жұқтырған адамның қанымен контакт болмаса (татуаж, пирсинг, медициналық құралдар арқылы, қан шашырау, т.б.), онымен қорғалмаған жыныстық қатынасқа түспесе, вирус жұқтырған әйел жүктілік кезінде тексеріліп, емделсе АИТВ инфекциясы жұқпайды.

     Вирус жұғу қаупі болды-ау деп күдіктенген адам уақыт оздырмай  жергілікті емхана немесе Атырау облыстық ЖИТС орталығына (сенім телефоны 21-11-03) келіп, құпия немесе анонимді түрде АИТВ инфекциясына  тегін тексеріле алады.   Неғұрлым ерте анықталса, арнайы емді ертерек бастаса, инфекцияны ешкімге жұқтырмай, дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп, сапалы ұзақ өмір сүруге болады.

     Қанында вирус анықталған адамдарда алғашында сенбеу, қорқу болады. Енді өмірім қалай өзгереді, айналадағылар қалай қарайды, жанұя құра аламын ба, ұрпағым бола ма деген, тағы да басқа көптеген сұрақтармен психологиялық күйзеліске түседі.  Бұл кезде ЖИТС орталығының мамандары жан-жақты психологиялық көмек көрсетеді. Диспансерлік есепке тұрып, тиісті зертханалық тексерістен өтіп, берілген емді  үзбей алып тұрса, денсаулығында ешқандай ауытқу болмайды. АИТВ инфекциясы - В, С вирусты гепатиттері сияқты созылмалы вирусты ауру.

     АИТВ жұқтырғандарға қоғамда теріс көзқарас әлі де орын алып отыр. ЖИТС орталығында диспансерлік  есепте тұрған адамдар дәрігер қабылдауына келгенде  көп көзге түскісі келмей, түс мезгілінде немесе жұмыстан кейін келуге тырысады. Қабылдап жүрген дәрілерін үйіне әкеліп беруін сұрайды. Мұндай жағдайларда біздің дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз барлық көмегін көрсетеді. Тәуліктің кез-келген уақытында телефон шалған  пациенттеріне  психологиялық, дәрігерлік кеңесін береді.

     Ал кейде дәрігермен байланыстан қашып, диагнозын мойындамай, емге сенбей, телефон шалғанда тұтқаны көтермей, орталыққа келмей, мамандарды үйіне жолатпай, балағат сөздер айтып, өзінің денсаулық жағдайын нашарлатып алатын науқастар да бар. Олар басқа облыстарға барып, диагнозын тексертіп те келеді. Бірақ қай  облыста қан тапсырса да қорытынды  диагноз  бірнеше сатыдан соң, ең соңғы республикалық зертхана тексерісінен кейін ғана қойылады. Сондықтан ЖИТС орталығында  қойылған диагнозға сенбеуге негіз жоқ.

     Кейбіреулер тіпті мекен-жайларын айтпай, диспансерлік бақылаудан қол үзіп кетеді. Бұл жағдай  басқа ешкім емес, науқастың өзіне ғана зиян. Себебі, мүлде емделмеген адамның иммунитеті  бірнеше жылдар ішінде  қатты төмендеп, түрлі аурулар жұқтырып, денсаулығы қатты нашарлауы мүмкін. Осындай жағдайға жеткеннен кейін дәрігерге келіп, емделіп, денсаулығы өте жақсы көтерілген науқастар  да бар.

     АИТВ инфекциясының соңғы ІV сатысы – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына  (ЖИТС – СПИД) әкеледі. Бұл кезде  ем көбіне нәтиже бермейді, кеш болады.

     Мемлекетіміз халықты АИТВ-ға тестілеу мен емдеуді тегін қамтамасыз етіп отыр. АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға берілетін арнайы дәрі-дәрмектер өте қымбат және оны өмір бойы қабылдайтындықтан, үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді. Кейбір елдерде АИТВ жұқтырғандарды 100 пайыз еммен  қамтуға мүмкіндік жоқ, науқастардың мұндай қымбат дәрілерге қолы жетпейді.

     Атырау облысында 2020 жылдың 10 айында  18 адамнан АИТВ  инфекциясы анықталса, 2021 жылы 10 айда 32 адам  осы індетпен анықталды. Бәрі жыныстық жолмен, соның ішінде 8 адам гомосексуалды жолмен жұқтырған.

     Әрине, әлі де анықталмай жүргендер көп. Кейбір адамдар  қоғамның шеттетуінен қорқып, тестілеуден өткісі келмейді. Бірақ одан мәселе ушықпаса, шешілмейді. Себебі, вирус жұқтырғанын білмеген адам өзінің денсаулығы нашарлап қана қоймай, індетті басқаларға жұқтыруы мүмкін.  Сондықтан оларды қолдап, емделуіне жағдай жасасақ ауруды жеңуге болады. Дүние жүзі бойынша қараша, желтоқсан айларында өтетін Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес кампаниясының да мақсаты осы.

 

 

Атырау облыстық ЖИТС

орталығының бөлім меңгерушісі                                    А.Мұқанбетқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT