Осыдан тура тоғыз ай бұрын басталған оқу жылы 25 мамыр күні аяқталып, аудандағы барлық мектепте ресми түрде соңғы қоңырау соғылды.
Бұл оқушылардың жазғы каникулға, түлектердің үлкен өмірге сапар шегетін ең толқынысты сәті. Оқушылар мен ұстаздар үшін ең әсерлі сәт саналатын соңғы қоңырау салтанаты Сағыз ауылындағы №9 орта мектепте де ерекше аталып өтті. Аталмыш шараға аудан әкімі Арман Баженов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаров арнайы барып қатысты. Былтырғы жылы күрделі жөндеуден өткен бұл мектеп биыл алпыс бірінші түлектерін ұядан ұшырып отыр. Салтанатты шара алдында мектеп бітіруші түлектер шеру жасап, жиналған көпшіліктің алдымен жүріп өтті. Содан соң ортаға Қазақстан Республикасының Мемлеттік Туы әкелініп, Әнұран шырқалғаннан кейін сөз алған аудан әкімі Арман Баженов: – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы білімді де, талапты жастардың қолында. «Білімді мыңды жығады», - дейді бабаларымыз.
Сол нақылға сүйенген Елбасымыз білім саласына баса назар аударып, соңғы жылдары еліміздің барлық білім ошақтарын жаңа технологиямен қамтамасыз етіп, ұстаздарға да, оқушыларға да жан-жақты қолдау көрсетуде. Біздің ауданда да соңғы жылдары бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өтіп, Сағыз ауылынан жаңа білім ордасы салынуда. Міне, осындай қамқорлықтар жасалып жатқанда мүмкіндікті пайдаланып, оқушылар білімнің биігінен көрінуі тиіс. Осынау алтын ұя мектептен алған білім мен тәрбие ғана сіздерді жоғарыға көтереді. Биылғы жылғы мектеп бітіруші түлектерге сәт-сапар тілеймін, – деді.
Содан кейін сөз алған аталмыш мектеп директоры Өтепберген Әділов мектептің 2017-2018 оқу жылында жеткен жетістіктеріне тоқталып, жыл бойы мектеппен бірлесіп оқу, тәрбие істерінде белсене жұмыс жасаған бір топ ата-аналар мен ұстаздарды марапаттады. Одан әрі Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Жасан Есқайыров сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге ақжарма тілегін жолдады. Құттықтаулар мен марапаттан соң кезек түлектерге беріліп, олар өз өнерлерін ортаға салды. Алдымен арттарынан ерген іні-қарындастарына Аманат хат тапсырған түлектер, барлығы ортаға шығып, мектеп вальсін билеп, аспанға шарлар ұшырып, шараның шырайын кіргізе түсті. Аға-апаларынан қалыспаған бірінші сынып оқушылары да хормен «Туған жер» әнін шырқап, көпшілікті тәнті етті. Осылайша, №9 орта мектептің соңғы қоңырау салтанаты өз мәресіне жетіп, мектептің алпыс бірінші түлектері үлкен өмірге қадам басты.
Дулат БЕРІКҰЛЫ.
Суретті түсірген: Ж.ТАЛАСОВ.