Жыл сайын оқу мезгілі аяқталғанда бұған дейін мектеп бітірген түлектері мерейлі кездесулерін ұйымдастырып, тұрғындарға жақсы демалыс сыйлап, өздері он жыл білім алған мектептеріне түрлі тартулар жасайды.
Тасшағыл орта мектебінен түлеп ұшқан шәкірттер тамаша дәстүрді қалыптастыруда. Мәселен, өткен жылы аталмыш мектепті 1997 жылы бітірген түлектер мектеп ауласына көктерек көшеттерін отырғызып, Миялы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Тасшағыл ауылындағы филиалына күрес кілемін (татами) тарту етсе, биылғы жылы 1998 жылдың түлектері алтын ұя мектептеріне шағын футбол алаңын салып берді. 25 мамыр күні салтанатты жағдайда тапсырылған нысанның ашылуына ауыл тұрғындары мен қонақтары, еңбек ардагерлері, мектеп оқушылары куә болды. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің арасынан Дархан Қайырғалиев пен Тасшағыл орта мектебінің директоры Гүлшара Ізімова футбол алаңының лентасын қиғаннан кейін құттықтау тілектеріне кезек берілді.
Алдымен сөз кезегін алған ауданның Құрметті азаматы Оңғар Жанықұлов:
– Мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектердің бүгінгі тартуы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: руғани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында іске асып отыр деуге болады. Бүгінгі қазақ футболы талантты да дарынды футболшыларға зәру. Күні ертең осы шағын алаңда шыңдалып өскен ауылдың балғын футболшыларынан қазақтың Мессилары, Рональдинолары шығып, көк байрағымызды көкке желбіретпесіне кім кепіл? Сондықтан, сіздердің баға жетпес тартуларыңыз ауылдың көркеюіне, жастардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз септігін тигізері сөзсіз. Туған жерлеріңді ұмытпай, тамаша сыйлық жасап өзгелерге үлгі болғандарыңыз үшін Сіздерге ауыл тұрғындары атынан алғысымды білдіремін, – деді.
Бұдан кейін Тасшағыл ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Әділ Сәрсенғалиев, округ әкімі Мәлік Қуанышев, мектеп директоры Гүлшара Ізімова және түлектер атынан Марат Жалдекенов сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірсе, Ақберен Құрмашев мектебіне арнаған арнау өлеңін орындады. Ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін футбол командаларының финалдық кезеңі өтті. Жалпы, 24 мамыр күні басталған кіші аяқ доп турнирі жасөспірімдер мен жастар арасында ұйымдастырылды. Жасөспірімдер арасындағы сайысқа жеті команда қатысып, нәтижесінде 7-сынып оқушыларынан құралған «Ұлан» командасы І орынды иеленсе, «Спартак» командасы ІІ, «Торпедо» командасы ІІІ орынды еншіледі. Жастар арасында өткен тартысты сайыста «Тасшағыл-2017» командасы жеңіс тұғырынан көрініп, «Намыс» және «Тасшағыл-2001» командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Жеңімпаз командалар түлектер атынан қаржылай сыйлықпен марапатталды. Осынау игілікті істі ұйымдастырушылардың бірі Марат Жалдекеновтің айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын Тасшағыл орта мектебін 51 түлек бітірген. Мектеп бітіру кешінде түлектер 20 жылдан кейін кездесуді ұйымдастыруға уағдаласады. Өткен жылы уәде бойынша жиналған олар туған ауылына қомақты сыйлық жасау туралы ақылдасады. Сол кезде түлектер балаларға ойын алаңын, мұз айдынын және шағын футбол алаңын салу туралы ұсыныстарын ортаға салады. Нәтижесінде, көпшіліктің қолдауымен шағын футбол алаңын салуды ұйғарады. Олардың бұл бастамасын мектеп әкімшілігі де қостап, мектеп ауласынан құрылыс нысанын жүргізуге жер бөледі. Алдымен, құрылысқа кететін қаржы шығыны есептеледі. Қажетті материалдар алынғаннан кейін «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» ұйымдасқан олар халықаралық стан-дартқа сәйкестендіріп, футбол алаңын өз күштерімен салады. Олардың туған жерге деген махаббаты, патриоттық сезімдері жұмыс барысынды көрініп, айрандай ұйыған бірліктері кездескен қиыншылықтарды жеңуге септігін тигізеді.
– Аудан орталығы Миялы ауылындағы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебіндегі осындай футбол алаңында шыныққан оқушылардың алды бүгінгі күні Атырау қаласының екінші лигасында ойнап жүр. Осы орайда, біз тұрғызған футбол алаңында шеберлігін шыңдаған жас жеткіншектердің алдағы уақытта Қазақстан құрамасы қатарында ел намысын қорғап жатса арманымыздың орындалғаны. Әрине, құрылысты жүргізу оңай болды деп айта алмаймын. Осы кезге дейін түрлі құрылыс компанияларында істеп, тәжірибе жинақтаған сыныптастарымыздың еңбекқорлығының арқасында ойлаған ісіміз оңға басып, дер кезінде аяқталды. Ұйымшылдықпен атқарған жұмыс қашанда жемісті болады емес пе?, – дейді әлгінде айтқан Марат Жалдекенов.
Сондай-ақ, тасшағылдықтар 20 жылдық түлектердің ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырған тай жарыс, топ бәйге, аламан бәйге, арқан тарту, кір тасын көтеру, жаяу жарыстарын және концерттік бағдарламаларды тамашалады. Соңында жарыс жеңімпаздары түлектер атынан бағалы сыйлықтар мен қаржылай марапатқа ие болды. Сонымен бірге, Тасшағыл орта мектебін 30 жыл бұрын бітірген түлектер де кездесу ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларына қаржылай қолдау көрсетіп, Рамазан айында қайырымдылық шарасын ұйымдастырғанын айта кеткен абзал.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.