Азанда кішкене бөбектермен бірге менде балабақшаға қарай бет алдым. Ондағы мақсатым – балабақша өмірімен танысып, бүлдіршіндердің қылығына бір сәт қанығу.
Осындай оймен, «Нұр-Шуақ» балабақшасына келдім. Онда 210 бала тәрбиеленуде. Ерте жас, кіші, ортаңғы және ересектер тобы болып төртке бөлінген. Әр топтың бүлдіршіндері жас ерекшеліктеріне қарай мінез-құлықтары да әртүрлі. Кішкентай бүлдіршіндердің бірі балбұл жайнап тәрбиеші апайларымен үш тілде амандасып жатса, енді бірі ұйқылы ояу балабақша табалдырығынан аттап жыламсыраған күйде қалып жатты. Мен олардың сыртынан бақылап өзімде бала күйге ендім. Балабақшаға қабылдау уақыты аяқталып, есік жабылды. Әр топ өзінің алаңында таңғы жаттығу жасап, әсем әуен ырғағында бойларын сергітті. Содан соң ас бөлмесіне қарай бет алып, таңғы асқа жайғасты. Ас мәзірінде жарма ботқасы, бір стакан сүт қатқан шай және тәтті бөлкелер. Үлкен топ балалары алдарына қойылған асты өз еріктерімен ішіп жатса, кішкене топтың бүлдіршіндері тәрбиеші және көмекші апайларының көмегіне жүгінген. Сыртынан қарап тұрған маған бұл көрініс аузына қыстырған жемтігін балапанының аузына тосқан қарлығаш құстың бейнесін келтірді. Одан соң күн тәртібіне сай әр топтың балалары ойынға, оқу-жаттығуға кезек берді. Бірі алдағы келе жаткан «Рәміздер күніне» орай ұйымдастырылап жатқан шараларына байланысты тақпақ-өлең жолдарын жаттап жатса, енді бір топ бейнелеу сабағында өз қиялдарына ерік беріп түрлі суреттер салды. Ал, ересек топтың бүлдіршіндері «Арман» мәдениет үйінде өткізілетін балабақшамен қоштасу салтанатына хореограф, музыка пәнінің мүғалімі және тәрбиеші апайларымен бірге дайындық үстінде екен. Оларға артылар үміт те, жауапкершілік те көп. Осылайша, өзім куә бола жүріп баламен жұмыстың қандай қиын екенін ұққандаймын. Әр үйдің еркесі, тентегі жиналған бұл жұмыс та оңай емес екен-ау деген ой түйдім. Ортаңғы, ересек топтың бүлдіршіндері сөзге түсініп, «олай жасауға болмайды» деген сөзіңді түсінеді. Ал, бір жастағы балалар қолындағы ойыншыққа да төбелесіп, жылап қалатынын қайтерсің. Оны көндіру, жұбату да төзімділікті қажет ететіні белгілі. Осы тұста, «Айгөлек» тобының тәрбиешісі Назым ААМАНТАЙҚЫЗЫ:
– Баламен жұмыс болған соң әр күніміз қызыққа толы. Бірі еркелеп, бірі күлкісімен өздеріне баурап алады. Кейде тентектіктеріне ұрысып та аламын. Бірақ балабақшаға қабылдап алған сәттен бері қастарында болған соң ба барлығы өз баламдай болып кеткен. Бірде мынадай қызық болды. Топтағы Айару есімді бүлдіршін тұйық, көп сөйлемейтін. Бірақ берілген тапсырманы тыңғылықты орындайды. Өзінен кейінгі бөпесі жаңадан балабақшаға келіп жүрсе керек. – Апай бөпеме барып келсем бола ма? Жылап жүрген жоқпа екен, – деді. Ал мен: – Ұйықтайтын уақыт. Басқа топтарды аралап жүруге болмайды, – дедім. Ол болса: – Апай маған бәрібір тек бөпемді көріп келейінші, – деп тақылдай түсті. Айарудың бұл сөзі менің қатты күлкімді келтірді, бірақ оның бауырмалдылығына тәнті болдым, – деп бізбен ой бөлісті. Ал, «Күншуақ» тобының тәрбиеленушісі Әмина БОЛАТ: – Жасым бесте. Балабақшаға інім екеуміз келіп жүрміз. Мұнда маған ұнайды. Достарым да көп. Жақында балабақшамен қоштасып мектепке барамын. Достарымды, тәрбиеші апайларымды қимаймын. Олардың үмітін ақтап сабағымды беске оқимын , – деген уәдесін берді. Қызығы мен қиыншылығы көп балабақшадағы түске дейінгі уақытым қасқағым сәтте өте шықты. Асханашы апайлар түскі ас мәзірін дайындап, балаларға ұсынды. Содан соң күндегі әдетінше балалар төсекке жайғасып, тәтті ұйқыға кетті. Ұйқыда жатқан тәтті періштелерге «Күндерің қамсыз. Балалық шақтарың бақытқа толы болсын» деп тілек тіледім.
«Асар» тобы жеңіске жетті
«Нұрлы болашақ» бүкіл қазақстандық акциясы аясында «Жасұлан» балабақшасындағы «Қарлығаш» ересектер тобында «Бала – бақыт, бала – нұр» атты спорттық сайыс өтті. Онда екі топқа бөлінген бүлдіршіндер кедергілерден өтіп, есептер шығарып, әріптерден сөз құрастырып қана қоймай шапшаңдық пен ептілікті қажет ететін ойында барын салды. Шара шырайын кіргізіп, барлығы бірге спорттық би, қыздар жағы «Қуыршақ Барби» биін нақышына келтіре биледі. Сайыс нәтижесінде, «Асар» тобы жеңіске жетіп, өздерінің білімді, спортқа жақын екендіктерін аңғартты. Шара соңын қорытындылаған балабақша меңгерушісі Гүлнар Каримова бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, аудандық №6 психологиялық-педогогикалық түзету кабинетінде білім алатын балаларға сыйлық тарту етті.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.