Дүниежүзіндегі қырықтан аса елдердің білім жүйесінде тіркелген ментальды арифметика біздің елімізде де қанатын жаюда.
Балалардың бойында дәлдік пен шапшандық, әсіресе есте сақтау қабілетін дамытатын бұл жүйеге қызылқоғалық жас математиктер де қызығушылық танытып келеді. «ISMA» ментальды арифметика мектебінің Қызылқоға ауданы бойынша филиалының оқушылары биылғы жылы Алматы қаласында өткен ІІ халықаралық олимпиадада жақсы нәтижелерге қол жеткізсе, жақында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында ұйымдастырылған әлемдік жарысқа қатысып, бақтарын сынады. Бұл жолы да қызылқоғалық жас математиктер ұстаздарының, ата-аналарының үміттерін ақтап, ел абыройын қорғап шықты. Он екі мемлекеттің жас математиктері арасында Қазақстан Реаспубликасы үшінші орынды иеленді. Еліміздің жүлделі орыннан көрінуіне қызылқоғалықтардың да зор үлесі бар. Өйткені, инструкторлар арасында өткен сайысқа қазақстандықтар атынан қатысқан «ISMA» ментальды арифметика мектебінің Қызылқоға ауданы бойынша филиалының мектеп инс-трукторы Ләззат Құлбаева үшінші орын алса, жасқайраттық Нұрсат Ұзақбай «Талант шоу» медалін иеленді. Сонымен бірге, Серікболсын Есжан (№9 орта мектеп), Ұлпан Серік (Қаракөл орта мектебі) ІІ орын алса, Ажар Жәрдембай (Кенбай орта мектебі), Шұғыла Қаламғалиева (Ш.Еркінов атындағы орта мектебі), Ибраһим Қобылан (Жаңашаруа орта мектебі), Ақтолқын Мырзабай, Назерке Есениязқызы (№9 орта мектеп) ІІІ орынды еншіледі. Міне оқушылардың осы жетістіктері еліміздің жүлделі орыннан көрінуіне септігін тигізді
«ISMA» ментальды арифметика мектебінің Қызылқоға ауданы бойынша филиал директоры, «НҰР kz АТАМЕКЕН» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Нұртай Шыңбайдың айтуынша, оқушылар төрт минутта абакуспен (шотпен) 100-150 есеп, осы уақыт ішінде ментальды (ауызша) 150-200 есеп шығаруы тиіс. Бекітілген уақыт ішінде шығарған есебіне орай ұпай жинайды. Оқушылар бос уақытында Дубайдың, Абу-Дабидің көрікті жерлерін аралап, мешіттер мен мұражайларда болып, теңіз жағасында серуендеп демалыстарын қызықты өткізді.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.